Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше бақылауда

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше бақылауда

Сауда объектілерінің дайындығын қамтамасыз етудің және ТЖ туындауы мүмкін тәуекелдерді барынша азайтудың тәсілдерінің бірі профилактикалық жұмыстар мен өрт-тактикалық оқу-жаттығулар мен сабақтар жүргізу болып табылады.

Қарағанды облысының ТЖД қалалар мен аудандарда сауда объектілерінің өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Онда өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары және оның жай-күйін бағалау қажеттілігі туралы жеткізілді.

Сауда объектілерінің меншік иелерінің бастамасы бойынша ТЖ Департаменті 55 нысанды тексерді.

Сонымен қатар, 80 жекеменшік мектепке дейінгі мекемеден өрт-техникалық тексеру жүргізу туралы бастамашылық өтініштер келіп түсті.

Тексеру нәтижелері бойынша объектілер басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою және ғимараттарды, үй-жайларды өрт қауіпсіз жағдайда ұстау қажеттігі туралы ұсынымдар берілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 11-15 қараша аралығында өрттердің, адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу мақсатында ТЖ Департаменті волонтерлік ұйымдармен, блогерлермен бірлесіп, БАҚ-ты тарта отырып, "Бірге қауіпсіздік үшін" атты ауқымды акция өткізді. Акция шеңберінде адамдар көп жиналатын ірі сауда объектілерінде өртке қарсы тақырыпта жадынамалар тарату ұйымдастырылды. Балалар тауарлары бар бөлімдерде ата-аналарға балалардың қауіпсіз мінез-құлқы туралы ұсыныстары бар "Балаларды жалғыз қалдырмаңыз"  жапсырмалары жапсырылды.

Сауда объектілерінің басшыларымен және қызметкерлерімен жұмыс орындарындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтар жүргізілді және алғашқы өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалануды көрсете отырып, өрт туындаған жағдайда персоналдың іс-қимыл алгоритмі жеткізілді. Сондай-ақ, сауда объектілерінің әкімшіліктеріне келушілерге одан әрі тарату үшін ұсынымдық жадынамалар және объектіні хабарлаудың жергілікті жүйесі бойынша трансляциялау үшін аудиожазба, LED экрандарда көрсету үшін бейнероликтер ұсынылды. "Whatsapp" мобильді мессенджері арқылы барлық мүдделі тұлғаларға адамдар көп жиналатын объектілерде өрт қауіпсіздігі талаптары бар профилактикалық ақпарат, өрт туындаған кезде персоналдың әрекет ету алгоритмі, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану қағидалары бар бейнематериалдар жіберілді.

Сонымен қатар, 1 қарашадан бастап сауда объектілерінде өрт-тактикалық оқу-жаттығулар мен сабақтар өткізіледі. Оқу-жаттығулар мен сабақтарды ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін өткізу жоспарланған.

Сауда объектілері мен жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдардың өрт қауіпсіздігі мәселелері Департаменттің тұрақты бақылауында.