
Екі апта ішінде Қарағанды облысының аумағында автомобиль көлігінде 14 өрт болды. Жыл басынан бері облыста барлығы 198 көлік өрті тіркелген.
Автокөліктегі өрттердің негізгі себептері отын немесе электр жүйесінің ақаулығы (электр сымдарының қысқа тұйықталуы) болып табылады. Қысқы уақытта да өрттер қатып қалған көліктерді ашық отты қолдану арқылы жылыту кезінде орын алады.
Механизмдер мен электр жабдықтарының ақауларымен автокөлік құралдарын ұзақ уақыт бойы пайдалану, әртүрлі қосымша электр жабдықтарын рұқсатсыз пайдалану көбінесе электр жабдықтарының қызып кетуіне, сондай-ақ қысқа тұйықталуына әкеледі.
Автокөлік иелеріне көлікке уақытылы техникалық қызмет көрсетуден өту және жөндеу жұмыстарын жүргізу, жарамды өрт сөндіргіш болуы ұсынылады.
Егер автомобиль жанса не істеу керек? 101 нөміріне қоңырау шалуды ұмытпаңыз. Өрт сөндірушілер келгенге дейін өрт сөндіргішті алыңыз, капотты сәл ашып, өрт сөндіргіш затты Капот астындағы кеңістікке бағыттаңыз. Сондай-ақ өртті сөндіру үшін құм мен жерді пайдалануға болады.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі