Қарағандылық құтқарушылар кәсіби мерекелерін атап өтті

Қарағандылық құтқарушылар кәсіби мерекелерін атап өтті

19 қазанда Қарағанды облысы ТЖ департаменті кәсіби мереке – Құтқарушы күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді.  Мерекелік іс-шараға қызмет ардагерлері, ТЖД жеке құрамы және оның бөлімшелері қатысты.

Келген қонақтар үшін құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды.

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин мен ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Катпанов құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлер мен ардагерлерге салтанатты түрде өңір әкімінің марапаттары және ТЖМ ведомстволық марапаттары табыс етілді.

Салтанатты шара ТЖД қызметкерлері дайындаған мерекелік бағдарламасымен жалғасты.

Қарағанды ​​облысының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлар министрлігінің ірі аумақтық бөлімшелерінің бірі болып табылады.

Бүгінгі күні халықты және өңір аумағын қорғауды ТЖД 36 өрт сөндіру және 7 құтқару бөлімшелері, " Өрт сөндіруші "АҚ 19 өрт сөндіру бөлімшелері, 7 трассалық медициналық-құтқару пункттері және Апаттар медицинасы орталығының шұғыл ден қою бригадалары, 52859 әскери бөлімі, құтқару авиациясы қамтамасыз етеді.

Барлық бөлімшелерде жоғары білікті мамандар, өз ісінің нағыз кәсіпқойлары еңбек етеді, олар қиын және өмірге қауіпті жағдайларда техногендік және табиғи апаттардан зардап шеккен адамдарға көмектеседі.

26 жыл ішінде Қарағанды облысының құтқару бөлімшелері 58 мыңнан астам авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді, 32 606 адам құтқарылды және ТЖ аймақтарынан 44 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

 

 

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі