Қарағанды облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Андрей Моисеев «Бірінші Қарағанды» арнасындағы «Бағыт» телебағдарламасында сөз сөйледі. Шығарылым тақырыбы өрт қауіпсіздігі мәселелері болды.
Облыс аумағында ағымдағы жылдың өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері жалпы алаңы 86 000 га астам дала өрттері мен жанудың 431 фактісі тіркелді.
Ірі дала өрттері Ұлытау, Бұқар Жырау, Абай, Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарында тіркелді.
Табиғи өрттердің туындауының негізгі себептері адами фактор болып табылады. Сонымен қатар, бұл өрт қауіпті кезеңнің ерекшелігі - құрғақ найзағай. Көптеген жағдайларда табиғи өрттер құрғақ найзағай нәтижесінде пайда болды.
Табиғи өрттерді сөндіруге ТЖД бөлімшелерімен қатар өртке қарсы ерікті құрамалар да қатысады.
Өкінішке орай, ағымдағы жылы табиғи өрттер салдарынан 4 адам зардап шекті, оның ішінде 2 адам: Ұлытау және Қарқаралы аудандарында қаза тапты.
Спикер табиғи өрттерді сөндіруге қатысу кезінде барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау туралы еске салды. Өзінің күші мен мүмкіндіктерін объективті бағалап, отқа және басқа қауіпті көздерге жақындауға болмайтындығы ескертілді.
Сондай-ақ, Моисеев А. тұрғын үй секторындағы өрт жағдайы туралы хабарлады. Қазіргі уақытта облыста тұрғын үйде 413 өрт тіркелді, өрт кезінде 26 адам қаза тапты, 20 адам жарақат алды.
Алда қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін айрықша сақтық шараларын талап ететін жылыту маусымы келе жатыр.
Жылыту кезеңіндегі өрттердің негізгі себептері:
- пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу,
- электр жабдығын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу,
- тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу,
- отты абайсыз қолдану.
«Осы кезеңде өрттің алдын алу үшін халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Біз тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндіру үшін жеке сектордың аулаларын аралаймыз, пешпен жылытуды пайдалану ережелері туралы айтамыз. Егер тұрғындар қалап жатса пешті тексеріп, ауызша ұсыныстар бере аламыз», - деді Андрей Моисеев.
Сондай-ақ, спикер тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін атап өтті:
- балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз, оларды қараусыз қалдырмаңыз;
- тек жарамды электр құралдарын пайдаланыңыз;
- бір розеткаға бір уақытта бірнеше жоғары қуатты электр құралдарын қоспаңыз;
- жылыту маусымы басталар алдында пешті жөндеңіз;
- түтіндікті күйеден үш айда кемінде 1 рет тазартыңыз;
- пешті жағу үшін жанғыш сұйықтықтарды қолданбаңыз;
- 2 қабаттан асатын көп пәтерлі тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланбаңыз;
- үйден шыққанда электр құралдарын сөндіріңіз, тұрмыстық газ аспаптарына газ жеткізу шүмектерін жабыңыз.