21 қыркүйекте республикамызда «Алматы облысындағы қиратушы жер сілкінісі нәтижесінде туындаған ТЖ жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбы бойынша «Жер-2021» халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.
Оқу-жаттығудың мақсаты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін, сондай-ақ қиратушы жер сілкінісі туындаған кезде азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын ТЖ-ды жоюға даярлауды одан әрі жетілдіру болып табылады.
Оқу-жаттығудың аңызына сәйкес, Алматы облысында жойқын жер сілкінісі орын алды. Апат аймағындағы жер сілкінісінің салдарын жою үшін Қарағанды облысынан күштер мен құралдарды ұсыну қажеттілігі туындады.
Оқу-жаттығу шеңберінде Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында күштер мен құралдарды құлақтандыру, жинау және әзірлікке келтіру бойынша мәселелерді практикалық пысықтаумен іс-шаралар өткізілді, құтқару және медициналық бөлімшелерді авиациялық көлікке тиеу бойынша іс-қимылдар пысықталды. ТЖ аймағына автомобиль колонналарының құрамында марш жасау элементтері пысықталды. Теміржол көлігіне инженерлік және арнайы техниканы тиеу жүзеге асырылды.
Шынайы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда апат аймағына Қарағанды облысынан құрамында 2000-нан астам адам мен 500 бірлік техника бар облыстың күштері мен құралдарының топтамасы жіберілуі мүмкін.
Халықаралық оқу-жаттығу басшылығының штабы Алматы облысында «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында орналасқан. Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ТЖМ авариялық-құтқару қызметтері, азаматтық қорғау қызметтері, ҚР ҚМ әскери бөлімдері тартылған.
Оқу-жаттығу барысында барлық қызметтердің дайындығын тексеру, олардың іс-қимылдарының үйлесімділігін жетілдіру, жойқын жер сілкінісі қаупі мен туындаған кезде ден қоюға барлық іс-шаралардың тиімділігін арттыру жоспарлануда.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі