Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан Ескендір Бейбарыс қайтыс болғаннан кейін «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Марапатты Қазақстан Республикасының Конституция Күні қарсаңында Жезқазған қаласы ТЖ басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дидар Күйқабаев марқұмның отбасына табыс етті.
«Жерлесіміз зор ерлік көрсетті. Маған осы құрметті марапатты оның туыстары мен жақындарына табыстау тапсырылды. Облыстық ТЖ департаментінің барлық қызметкерлері атынан Сізге қайғырып көңіл айтамын» - деді Д.Күйқабаев қаза болған адамның әкесіне медальді табыстап.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың 2 шілдесінде 22 жастағы Бейбарыс әкесінің көлігінде ауылдастарына өртті сөндіруге көмектесемін деген мақсатпен шыққан болатын. Екі күннен кейін жас жігіттің күйіп қалған денесін жергілікті тұрғындар тапты.
Бейбарыс Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының және Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің түлегі. Болашақта құтқарушы мамандығы бойынша жұмыс істеймін деген жоспары болған.
Сонымен қатар, табиғи өрттерді сөндіруге белсенді қатысқаны үшін Қарағанды облысы ТЖД бастығының Алғыс хатымен ағайынды Кенішбаевтар марапатталды. Мұхит, Бауыржан, Көшербай, Елжан Ұлытау ауданында дала өрттерін сөндіруге бірнеше рет қатысты.
«Біз кәсіби өрт сөндірушілер емеспіз, бірақ отпен жиі күресуге тура келеді. Егер жақын жерде дала жанып жатқанын білсек, біз қарап қалмаймыз және шақыруды күтпейміз», - дейді ағайындылар.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі