
Құтқарушы – мықты тұлға. Батыл, жауапты адамдар ғана осы салада қызмет ете алады. Сергей Целищевтің азаматтық қорғау салысындағы қызметі 1999 жылдан бастау алды. Ол өз құзіретінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізеді. Сүңгуірдің негізгі міндеті - суға батқан және зардап шеккен адамдарды іздеу болса, міне, жиырма екі жыл бойы ол осы міндеттерді мінсіз атқарып келеді.
2010 жылы Шығыс Қазақстан облысында Сергей Юрьевич көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша жұмыстарды жүргізуге қатысқан. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өз өмірін қатерге тіге отырып, төтенше жағдай аймағынан 9 адам, оның ішінде 2 баланы эвакуациялады.
Ағымдағы жылы Қарағанды облысы Приозерск қаласының құтқару станциясы базасында өткен Қазақстан Республикасының ТЖМ сүңгуірлерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік жиынын өткізуге белсенді қатысқаны үшін басшылық тарапынан алғысқа ие болды. Бұған дейін де жақсы жұмысы үшін бірнеше рет лайықты бағаланған болатын.
Сергей Юрьевичтің қызмет жолы жас мамандарға үлгі боларлық. Хакім Абайдың: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» - деген қасиетті қағидасын ұстана отырып, талай жас қызметкерлерді кәсіби білім мен дағдыларды жетілдіруге, жүктелген қызметтік міндеттерін адал орындауға баулыды.
Өз мамандығының нағыз шебері жасақ қызметкерлері арасында лайықты беделге ие. Отбасында да абыройлы Сергей Юрьевич жары Татьяна Крапивинамен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Осы төрт құбыласындай болған төрт баладан өрген төрт немеренің қызығын көріп отырған бақытты ата. Жұмыстан бос уақытын отбасымен бірге өткізіп, немерелерін тәрбиелейді.
Жасқанатқызы Жұпар,
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі