
Бүгін кеншілер астанасына Словакия мен Чехия Республикаларынан делегациялар мен командалар келді. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әлем чемпионатына қатысушыларды әуежайда қарсы алды.
Қатысушылардың көбісі Қарағандыға келіп, байқауға дайындалуда.
2021 жылғы 1 мен 6 қыркүйегі аралығында Қарағанды қаласында Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XVI Әлем чемпионаты және әйелдер арасындағы VII Әлем чемпионаты өтеді.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың 10 ер және 5 әйел командалары оқу мұнарасының төртінші қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілуден, 100 метрлік кедергілер жолағынан өтуден, жауынгерлік қанат жаюдан және 4-тен 100 метрге дейінгі өрт эстафетасынан жарысады.
Әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты 2021 жылғы 2 қыркүйекте Қарағанды қаласының «Шахтер» орталық стадионында өтеді.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын өткізу әлемнің түрлі елдерінің спорт ұйымдары арасындағы спорт саласындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға, өрт сөндіру-құтқару қызметтерінің қызметкерлері мен олардың кәсіби және жауынгерлік даярлығын, спорттық шеберлігін жетілдіруге, өрт-құтқару спортын одан әрі дамытуға және әлемдік ауқымда насихаттауға бағытталған.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі