Өрт сөндірушілер әулеті

Өрт сөндірушілер әулеті

№40 өрт сөндіру бөлімінің ардагері Самат Мұқанұлы саналы ғұмырын өрт сөндіру саласына арнаған адам. Өзінің еңбек жолында бірталай нысандағы қызыл жалынды ауыздықтап, көп адамның өмірін ажалдан арашалап қалған жан.
Бүгінде ұлы Аян Мұқан әкесінің сара жолын жалғастырып, еселі еңбек етіп жүр. Ол азаматтық қорғау саласына 2017 жылы келген. Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы №26 өрт сөндіру бөлімшесінде жүргізуші.
Аян ауысымға түсе отырып, өрт сөндіру автомобильдерінің, сондай-ақ онда орнатылған тораптар мен агрегаттардың тұрақты дайындығын, үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Жеке уақытпен санаспай, күннің кез-келген ауа-райында, кез-келген жағдайда және көңіл күйде отпен суға баруға дайын азамат.
Негізгі қызметімен қатар, ол құтқару қызметі бойынша ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып тұрады. Берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, жеңіс тұғырынан көрінген сәттері де аз емес.
Аянның бұл мамандыққа деген махаббаты әкесінен келген. Оның айтуынша, әкемнің айтқан әңгімелеріне қызығып, мен осы мамандықты таңдадым және халыққа қызмет ететін осы сала маған ұнайды дейді. Егер болашақта балалары мен немерелері бұл істі жақсы көретін болса қарсы болмайтындығын да айтты. Бұл мамандық құрметке лайық, себебі: «Құтқарушы мамандығы – асыл іс», - дейді ол.
Айта кету керек, Аянның атасы Мұқан Қыпшақпаев 1942 жылы Совет армиясы қатарына шақырылып, соғыс жылдарында Оңтүстік майданында пулеметшы, взвод командирі болып, талай ерліктер көрсеткен. Сол үшін ол «Қызыл жұлдыз» және Ұлы Отан соғысының ІІІ дәрежелі орденімен, сондай-ақ 12 медальмен марапатталған. Соғыстан оралған соң Қарқаралы қаласында болған өрт сөндіру депосында жұмыс атқарған.
Осындай өрт сөндірушілер әулеті құрметке лайық және көпке үлгі деп білеміз.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі