
21 сәуірде Қарағанды облысы ТЖД-де Департамент бастығы Мұрат Қатпановтың төрағалығымен кеңейтілген жедел кеңес өтті.
Күн тәртібі бойынша Қарағанды облысы ТЖД мен оның бөлімшелерінің 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары, сондай-ақ тәртіп, заңдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және тәрбие жұмысының жай-күйі мәселелері қаралды.
ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Бекбосынов есепті кезеңде жүргізілген қызмет қорытындылары туралы баяндады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысының аумағында 276 өрт тіркелді, оның барысында 17 адам жарақат алды, 18 адам қаза тапты.
ТЖД авариялық-құтқару бөлімшелері жоғалған адамдарды іздестіру бойынша 31 іздестіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде 37 адам құтқарылды, оның ішінде 2 қаза тапқан адамның денесі табылды.
2020-2021 жж. қысқы кезеңінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 80 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді, оның барысында 787 адам құтқарылды, 63 адам эвакуацияланды.
ТЖ алдын алу бойынша негізгі жұмыс су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуіне бағытталды. Көктемгі кезеңге дайындық аясында облыста ұзындығы 38,2 км су бұру арналарын орнату бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, 60,5 км канал мен 242 км астам арық тазартылды.
Уақытылы қабылданған алдын алу шаралары су тасқыны кезеңінде елді мекендер мен нысандарды су басуына жол бермеуге мүмкіндік берді.
Өрт қауіпсіздігі желісі бойынша объектілердің өртке қарсы жағдайына 389 тексеру жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін және өртке жол берген тұлғаларға қатысты 285 әкімшілік материал жасалды.
Қауіпсіздік шаралары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында халықпен 48 548 аула аралау жүргізілді, 293 жиын ұйымдастырылды.
2021 жылы Ақтоғай ауданының Ақши ауылында, Бұқар Жырау ауданының Бұхар Жырау ауылында, Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылында, Нұра ауданының Балықтыкөл ауылында, Нұра ауданының Ақмешіт ауылында, Шет ауданының Қызылтау ауылында өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарлануда.
Кеңес қорытындысы бойынша қызметті жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. ТЖД бастығы өрт қауіпті және шомылу маусымдарынан қауіпсіз өту бойынша іс-шараларға ерекше назар аударуды тапсырды.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі