Құтқарушылар арасында әлсіздер болмайды

Құтқарушылар арасында әлсіздер болмайды

Ерлер кәсібінің өкілдері - өте қарапайым адамдар. Қарағанды қаласы құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Кухар Олег Владимирович те сол қатарда. Жұмыспен әр түрлі іс-сапарларға кеткенде ол үшін әрқашан алаңдап отыратын жұбайы, ұлы және жақында дүниеге келген қызы бар бақытты әке.
- Сіз құтқарушы мамандығына қалай келдіңіз?
-Құтқару саласына 2013 жылы келдім. Алғаш қызметімді 2010 жылы Алматыдағы ТЖМ полкінде бастадым. Әскерден демобилизация бойынша бірнеше жыл күзетте жұмыс істедім, кейін отрядқа келдім. 7 жылдан астам уақыт бойы осындамын.
Әскерде жүргенде ТЖМ полкі жайында мүлдем хабарсыз едім. Полкке келгеннен кейін гидравликалық құралды, редукторды көріп, мен үшін қызықты екендігін түсіндім.
Әскерде қызмет еткен кезде, алғаш рет Казспас полигонында болдым, сол кезде ТЖМ құтқарушыларымен танысып, онда үлкен тату ұжымды көрдім. Ұжымның жарыстардағы бірлігі маған өте ұнады.
- Тәжірибеңізде есте қаларлық сәттер болды ма?
- 7 жыл ішінде көп нәрсе болды, нақты бір нәрсені бөліп көрсету оңай емес. Бірақ мен Шахандағы оқиғаны айта аламын.
Тоғыз адамның өмірін қиған қайғылы оқиға 1 қаңтардың түнінде болды. Құтқару қызметіне Шахан кентінің 3 шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің төртінші подъезінің оң жақ бөлігінің қирағаны туралы хабарлама келіп түсті. 1987 жылы салынған ғимарат, жертөледе орналасқан автономды жылыту қазандығының жарылуынан зардап шекті. Үйде 100-ден астам адам, зардап шеккен подъезде 25 тұрғын болды. Олар балабақша ғимаратына, кейбіреулері туыстарына эвакуацияланып, орналастырылды. Біздің күштермен он адам эвакуацияланды және төрт адам, оның ішінде екі бала құтқарылды.
- Әртүрлі ТЖ нәтижесінде сіз және сіздің әріптестеріңіз құтқара алмаған адамдар қайтыс болған кезде не сезінесіз?
- Сіз біз үшін ең ауыр тақырыпты қозғадыңыз. Адам - бәріне үйренетін тіршілік иесі дейді ғой. Бірақ адамдардың, әсіресе балалардың өлімін ұмыту мүмкін емес. Сондай жағдай болған кезде біз қатты алаңдаймыз. Бірақ адамдарды құтқаруға мүмкіндік бола тұрып құтқарылмаған жағдайлар бізде болған емес. Егер адамды қиындықтан шығарудың азғантай мүмкіндігі болса, оны қолдануға тырысамыз. Бізде тек кәсіби мамандар, физикалық және моральдық тұрғыдан мықты адамдар жұмыс істейтінін, қажет болған жағдайда өз өмірлерін қатерге тігуге дайын екенін түсініңіз. Біздің мамандығымызда әлсіздер жоқ.
- Тілектеріңіз болса, айта кетіңіз.
- Жасағымыздың гүлденуін, кәсібилігіміздің артуын, көптеген оқу іс-шаралардын ұйымдастырылуын тілеймін. Себебі біздің жұмысымыз саң қилы, бізге көп нәрсе жүктелгендіктен өте ауқымды жұмыс істейміз. Мысалы, сүңгуірлік тұрғысынан мен әлі де оқып, үйренетін нәрселер көп. Әр құтқару жұмысынан жаңа нәрсе білесің.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі