20 наурыздан бастап Қарағанды облысында су тасқынына қарсы штаб жұмыс істейді. Жағдай тәулік бойы бақылауда.
Аймақтағы су тасқыны жағдайы туралы тікелей эфирдегі брифингте облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов пен ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов баяндады.
«Қазіргі уақытта облыста су тасқыны жағдайы бір қалыпты. Тұрғын үйлер мен тас жолдарды су басу жағдайлары тіркелген жоқ. Қазгидрометтің мәліметінше, қар қорының азаюы Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің бассейндерінде байқалады. Ірі су қоймаларының жағдайы да тұрақты. Тасқын суларды қабылдауға жеткілікті бос көлем бар. Космомониторинг көрсеткендей, қазіргі уақытта облыс аумағының шамамен 50% -ы қармен жабылған», - деді Ермек Алпысов.
Елді мекендерден шамамен 2 миллион текше метр қар шығарылған. Бұл жұмыстар жалғасуда.
Автомагистральдардағы су өткізгіштер мен көпірлерді тазалау жұмыстары аяқталуға жақын.
Су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен жол учаскелері бақылауға алынды, ескерту жүйелерінің дайындығы тексерілді.
«Бүгінгі күні су тасқынына қарсы облыстық штабқа аулаларды су басу қаупі туралы 26 хабарлама түскен. Олардың көпшілігі Қарағандыда. Барлық жағдайда жедел асқынулардың алдын алу бойынша шаралар қабылданды.
Төтенше жағдайлар департаментінде алты жиынтық топ құрылды және олар үнемі арнайы дайындықта, қажетті арнайы жабдықтармен жабдықталған. Жедел топтар су тасқыны қаупі бар елді мекендерге айналма жолдар жасайды. Тұрғындармен 1200-ден астам жиын, 300-ден астам рейдтік шаралар өткізілді», - деп мәлімдеді Мұрат Қатпанов.
Спикерлер жеке сектор тұрғындарын өз аумақтарындағы су тасқынына қарсы шараларды уақытында жасауға шақырды. Арық жүйесін уақтылы тазарту, қар шығару және басқа да алдын алу шаралары маңызды болып табылады. Су басуына жол бермеу үшін осыған түсіністікпен және жауапкершілікпен қарауды сұраймыз.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі