Тұрғын үйде өрт қауіпсіздігін сақтайық

Тұрғын үйде өрт қауіпсіздігін сақтайық

3 наурызда Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Бекбосынов «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі мәселелері» тақырыбында өткен Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте сөз сөйледі.
Жылыту кезеңінің басынан, яғни 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды облысының тұрғын үйлерінде 518 өрт тіркелді. Онда 28 адам қаза тауып, 28 адам жарақат алды.
Қыс мезгілінде жеке тұрғын үйлерде ережеге сай салынбаған жылу пештерінің ақаулығынан өрт оқиғалары мен көмірқышқылгазымен уланып қалатын азаматтар кездесіп жатады. Қазір қыс айы. Дұрыс күтім жасалмаған, сондай – ақ дұрыс салынбаған жылу пештері талай азаматтарды сан соқтырып жүр.
Жылыту кезеңінің басынан өрт шықпай улы газбен уланып 2 адам қаза тапты, 25 адам жарақат алды, оның ішінде 9 бала.
26 қарашада Нұра ауданының Заречное кентіндегі жеке тұрғын үйде 1973 және 1979 жылғы екі ер адам қатты отынмен жылытатын пешті пайдалану ережелерін бұзу салдарынан қаза тапты.
Улы газбен уланудан болған соңғы оқиғалардың бірі 1 наурыз күні Қарағанды қаласының Шахтерский шағын ауданында болды. Қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін бұзу салдарынан, атап айтқанда, түтін мұржасының кірпіштегі жарығы мен тығыздығының салдарынан 4 адам, оның ішінде 2003 және 2006 жылы туған екі бала улы газбен уланып қалды. Зардап шеккендер медициналық мекемеге жатқызылды.
Пешпен жылытылатын үйлердің тұрғындары үшін улы газ аса қауіпті болып табылады.
Өрт кезіндегі түтін мен ашық от сияқты «таныс» белгілермен салыстырғанда, улы газды байқау және сезіну мүмкін емес. Оның түсі мен иісі болмағандықтан адамдар жану өнімдерімен дем алып, тіпті жанудың бастапқы кезеңінде немесе мүлдем өрт шықпай жатып көз жұмуы мүмкін.
Егер ауада 1%–дан астам улы газ болса, оны жұтқаннан кейін екі-үш минут ішінде өлімге әкелуі мүмкін.
Егер үйде пеш толық жөнделсе, автономды сигнализатор немесе улы газ датчигі пайдаланылса, улы газбен улануды болдырмауға болады.
Облысымызда автономды датчиктер 2018-2019 жылдардағы жылу беру кезеңінен бастап орнатылуда. Бүгінде аз қамтылған көп балалы отбасылардың, жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектердің үйлеріне 2906 датчик орнатылды.
Өрттердің туындауына, адамдардың қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу мақсатында Қарағанды облысының ТЖ департаменті жылыту кезеңі басталмай тұрып халық арасында белсенді түрде үгіт-профилактикалық шараларын жүргізді. Жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметінің қызметкерлерімен және волонтерлермен бірлесіп, алдын алу үшін белгіленген жеке сектордағы 64 мыңнан астам тұрғын үйлерді аралау жүргізілді. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарының тұратын жерлеріне ерекше назар аударылады.
Негізінен ереже бойынша пештің түтін жолдары 3 айда бір рет ыстан тазартылып отыру қажет. Жылу пешінің алдындағы еденге көлемі 50х70 сантиметр қаңылтыр қағылады. Негізінен келгенде пешті арнайы мамандығы бар кісілерге соқтырған жөн. «Өрт – тілсіз жау» - деп бекер айтылмаған. Қыстың күні боранда пештің тартпай қалуы, немесе саңылауларынан от қашуы салдарынан орны толмас қайғыға, материалдық шығынға әкеліп соқтыру әбден мүмкін. Сондықтан әбігерге түспес үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуге, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай етіп соғып алу қажет. Апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі сақтық шараларын жасауы керек.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі