
17 ақпанда Қарағанды қаласындағы Сталелитейная көшесіндегі тұрғын үйде 9-қабаттағы пәтердің ашық терезесінен кішкентай баланың көмекке шақырғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖ департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №11 және 7 өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары жедел шықты.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндіруші-құтқарушылар терезе алдындағы терезені бірде ашып, бірде жауып тұрған қызды көреді. Құтқарушылар бірден 9-қабаттың терезесіне автосаты орнатуға кірісіп, пәтерге подъезд арқылы кіруге де әрекет жасайды. Бірақ пәтердің есігі жабық болған. Кейін пәтерде ересектердің жоқтығын түсінеді.
Автосаты орнатып, онымен көтеріліп жатқан құтқарушыларды бала сүрініп немесе қорқып биіктіктен құлап кетуі мүмкін деген ойлар мазалаумен болды. Сондықтан терезе астында бірнеше қызметкерлер тұрды.
Автосатымен көтерілген өрт сөндіруші-құтқарушыларды ашық терезенің алдында «Мені құтқарудың қажеті жоқ, бәрі жақсы» деген сөздермен 4 жасар қыз қарсы алады. Жауынгерлер баламен жылы сөйлесу арқылы пәтерге кіріп, қызды терезе алдынан түсіреді.
Көп ұзамай баланың анасы да келеді. Анасы кіші баласымен бірге қызды жалғыз қалдырып, аз уақытқа кетіп қалған көрінеді. Бұл туралы онымен сөйлескенде: «Мен ол терезені аша алады деп күдіктенбедім. Біз бұған дейін де оны жалғыз қалдырып жүргенбіз. Бірақ бұл жолы ол бірдеңеден қорқып, ашық терезеден айқайлай бастады» деді.
Қыздың ата-анасы құтқарушыларды шақырған қырағы көршілеріне шын жүректен алғыс білдіреді.
Ерекше алғысын өрт сөндіруші-құтқарушыларға білдірді. «Сізде өте жақсы және түсінігі мол жандар жұмыс істейді. Өз ісінің мамандары», - деп атап өтті баланың ата-анасы.
Қарағанды облысының ТЖД кішкентай балаларды қараусыз қалдырудың қаупі туралы еске салады. Балаға терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштерді орнатуды ұсынамыз. Егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет болған жағдайда пайдаланыңыз. Ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балаларға үнемі түсіндіріңіздер.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі