Ағымдағы жылдың 2-5 ақпан аралығында Қарағанды облысының өртке қарсы қызмет гарнизонында Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында және Қарағанды қаласының құтқару бөлімшесінде «Пилотсыз ұшу аппаратын басқару негіздері» тақырыбы бойынша Қарағанды қаласының сынақ зертханасы мен құтқару бөлімшесінің 11 қызметкерін оқыту өткізілді. Оқу барысында бейне материалдарды қарау және ПҰА-ын басқару негіздері бойынша слайдтық сүйемелдеу арқылы теориялық оқыту жүргізілді. Сондай-ақ, оқушылардың әрқайсысымен 30 минут көлемінде практикалық ұшулар жүргізілді.
Соңғы уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен таралуда. Олар барлық жерде қолданыла бастады: ауада, суда және құрлықта. Бұл тренинг оқытуға жаңа технологияларды енгізу ісіндегі маңызды қадам болып табылады. ПҰА көмегімен мынадай түрлі міндеттерді орындауға болады: төтенше жағдай барысында адамдарды құтқаруға қатысу және іздеу; қауіп аймақтарын алдын ала көзбен шолып анықтау және осындай аймақтарды кейіннен тұрақты немесе мерзімді мониторингтеу арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу; болған төтенше жағдайдан келтірілген залалды бағалау (зақымдану көлемін, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын қалпына келтіру жөніндегі қажетті жұмыстар тізбесін айқындау).
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі