Қарағандылық өрт сөндіруші жанып жатқан үйден балаларды құтқарды

Қарағандылық өрт сөндіруші жанып жатқан үйден балаларды құтқарды

Алғыс түріндегі марапат бір аптадан соң өз иесін тапты. 28 жастағы өрт сөндіруші демалыс күнінде өз өмірін қатерге тігіп, екі бала мен әжені оттан құтқарды.
Өрт Қарағанды қаласының Октябрь ауданында 2020 жылдың 6 қарашасында болған.
Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №12 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Дамир Оразбеков қызметтен тыс уақытта Гвардейская көшесінде тұратын әпкесінің үйіне бара жатқан болатын. Көшеде келе жатып, көрші үйден жүгіріп шыққан әйелдің "Көмектесіңіз! Өртеніп жатырмыз!» деген дауысын естиді. Сол сәтте үйдің терезелері мен есіктерінен шыққан қою қара түтінді байқайды. Үй иесінен іште екі баланың бар екенін біліп, дереу үйдегі адамдарды іздей бастайды.
Осы уақытта әйел де немерелерін құтқару үшін үйге жүгіреді, бірақ 4 бөлмелі үйдің барлық бөлмелері қалың түтінге оранғандықтан, өздігінен шыға алмады. Көмек сұраған дауысты естіген Дамир алыстау жатын бөлмесінен 12 және 14 жастағы екі баланы, содан кейін олардың әжесін тапты.
"Қорықпаңыз! Маған еріңіз, мен сізді алып шығамын. Бәрі жақсы болады", - деп адамдарды сабырға шақырып, қалың түтінде Дамир оларды үйден қауіпсіз жерге шығарды. Содан кейін электр қуатын қалқаннан ажыратып, қолда бар құралдардың көмегімен өртті сөндіруге кірісті.
№12 ӨСБ бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Д.Т. Оразбековтың кәсіби біліктілігінің арқасында үш адам құтқарылып, өртті сөндірді.
Осы оқиғадан кейін өрт шыққан үйдің тұрғыны өрт сөндіру қызметіне хабарласып, біздің қызметкерлерімізге алғысын білдірді. Кейінірек алғыс хатын жолдады. Өз хатында Тамара Андреевна азаматтық қорғау қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
"Мен 6 қараша күні әдеттегідей пеш жағуды бастадым. Бірақ тұтану сұйықтығы төгіліп, өрт шықты. Мен үрейлі күйде отты сөндіре бастадым, бірақ ауыздықтай алмағандықтан, төбеге жайылды. Осыдан кейін мен көшеге шығып, көмек сұрай бастадым. Осы уақытта біздің үйдің жанынан өтіп бара жатқан Дамир қоршаудан секіріп, жанып жатқан үйге кірді.
Әр минут сайын көмекке келуге дайын қызметкерлерді тәрбиелеген өртке қарсы қызметтің қызметкері Дамир Оразбеков пен оның басшылығына алғысымды білдіргім келеді".
Азаматтық қорғау сержанты Оразбеков Дамир Тілеужанұлы азаматтық қорғау органдарында 2016 жылдың шілдесінен бастап қызмет етеді. Қызмет еткен кезеңінде өзін сауатты, еңбекқор, атқарушы қызметкер ретінде көрсетті. Дамирдің айтуынша бұндай жағдай жұмыстан тыс уақытта бұрын болған емес.
Қарағанды облысы ТЖ департаментінің басшылығы №12-ӨСБ бөлімшесінің командирі Дамир Оразбековты үш адамның өмірін аман алып қалған батыл әрекеті үшін марапаттауды жоспарлап отыр.

Нұрайым Кенжехан,
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі