Қарағанды облысы ТЖД Алғыс хаты Қарағанды тұрғынына табыс етілді

Қарағанды облысы ТЖД Алғыс хаты Қарағанды тұрғынына табыс етілді

2020 жылдың 11 қаңтарында Юрий Криницын есімді ержүрек жігіт Майқұдықтағы досының гаражынан шыққан түтінді сезіп, адамды құтқаруға асығады.
Оқиға туралы біз, әлеуметтік желілерден білдік. Қарағанды облысының ТЖД басшылығы Қарағандылық азаматтың әрекетін көтермелеу туралы шешім қабылдады. Юрийдің жұмыс іссапарларына байланысты Алғыс хатты табыстау мүмкіндігі бүгін ғана бұйырды.
11 қаңтар күні Юрий әдеттегідей гаражына келеді. Қажетті істерді аяқтағаннан кейін, үйге қайтар жолда оған әрдайым бармайды деп ренжіп жүрген гараждағы көрші атасын есіне алады. Гараждың жанынан өтіп бара жатып, зейнеткермен көрісіп шығуды ұйғарады. Көршісінің гаражына жақындай бергенде түтіннің иісін сезіп, бір нәрсе болғанын түсінеді.
Ол бірден гараждың есігін сындыруға кіріседі. Юрий қорықпай, қалын түтіннің ішіне терең кіре бастады. Сол сәтте еденде ес-түссіз жатқан ер адамды көреді. Оның үстіндегі киім мен гараждағы заттар да отқа оранған еді. Юрий қолда бар құралдармен отты сөндіріп, ер адамды таза ауаға шығарды.
Құтқарушы жігіт дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетті.
"Жедел жәрдемге хабарласып, жағдайды тез түсіндірдім. Үлкен гараж массивінде қажетті гаражды табу оңай емес, сондықтан жедел жәрдемнің бағыты болуы үшін өз көлігімді бұрылыста қалдырдым. Ал өзім атаға жасанды тыныс жасай бастадым. Қуанышыма орай ол дем ала бастады! - деп естеліктерімен бөлісті Юрий.
Келген жедел жәрдем зейнеткерді ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер уақытылы көрсетілген көмек ер адамның аман қалуына көмектесті дейді. Кейін атаның күйген терісін трансплантациялау үшін ота жасалды.
Біздің кейіпкеріміз - Юрий өз өмірінде бірнеше рет ерлік жасаған. Ол 2004 жылы тағы адам құтқарған болатын.


Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі