Балалардың терезеден құлау жағдайлары жалғасуда. Кейбір ата-аналар осыған әлі де жауапсыздықпен қарап, терезесі ашық тұрған пәтерде балаларды қараусыз қалдыруда. Дәл осы себепті Қарағанды облысында екі күнде балалардың терезеден құлауының екі жағдайы тіркелді.
24 қыркүйекте Балқаш қаласында көппәтерлі үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтердің терезесінен 2014 жылы туған бала құлап кетті. Бала қалалық ауруханаға жеткізілді.
Екінші оқиға 25 қыркүйек күні күндіз Сәтбаев қаласында болды. 2019 жылы туған бала бірінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап, ауруханаға жатқызылды.
Балалар түрлі жарақат алды.
Құрметті ата-аналар, әрине, балаларыңыз сіз үшін ең қымбат жан. Сіздің отбасыңыздың тыныштығын сақтау және қайғы-қасіретті болдырмау үшін балаңызды ашық терезеге жібермеу, оның үстіне ашық бөлмеде қараусыз қалдырмау жеткілікті.
Ағымдағы жылы балалардың терезеден құлауының 20 жағдайы тіркелді.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі