Жыл сайын жылыту маусымының басталуымен тұрғын үйлердегі тұрмыстық өрттердің саны артады, олардың себептері көбінесе жылыту жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, пешпен жылыту, қолдан жасалған жылыту аспаптарын қолдану, электр желісінің шамадан тыс жүктелуі, сондай-ақ азаматтардың немқұрайлылығы болып табылады.
Күзгі өрт қауіпті кезеңде өрттердің алдын алу, сондай-ақ тұрғын үй секторындағы өрт жағдайын тұрақтандыру мақсатында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қалада және облыстың барлық аудандарында халықпен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Тұрғын үйлерді аралай отырып, қызметкерлер тұрғындармен электрмен жылыту және тұрмыстық аспаптарды пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары туралы әңгіме жүргізіп, өрт туындаған жағдайдағы іс-әрекеттер туралы еске салып, тақырыптық жадынамалар табыс етеді.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төмендегілерді ұсынады:
- ішкі электр сымдарын, электр аспаптары мен газ плиталарын жарамды күйде ұстау;
- газ және электр құрылғыларын пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау;
- үйден шыққан кезде барлық электр жылыту құралдарын өшіру;
- төсекте темекі шегуге болмайды, әсіресе мас күйінде;
- балаларды, қарт адамдарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды жалғыз қалдырмау.
Егер үйде өрт болса, дереу 101 телефонына хабарлаңыз.