GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Департамент туралы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Еріктілерді тарту
22 октября 2026
Астанада еріктілерге азаматтық қорғау және қауіпсіздік бойынша оқыту өткізілді

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала еріктілеріне азаматтық қорғау, өрт қауіпсіздігі, эвакуациялау тәртібі және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту ұйымдастырды.

 

Іс-шараның негізгі мақсаты – еріктілердің төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету дағдыларын жетілдіру, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығын арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы білімдерін нығайту.

 

Оқыту барысында қатысушыларға азаматтық қорғау саласындағы негізгі талаптар түсіндіріліп, өрт туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі, адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау қағидалары, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс шешім қабылдау жолдары таныстырылды.

 

Сонымен қатар, еріктілерге халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына белсенді қатысу жөнінде ақпарат берілді.

 

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау саласындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше назар аударады.

ТЖ профилактикасы
22 октября 2026
Астанада қысқы кезеңге дайындық жұмыстары тексерілді

Астана қаласының Сарыарқа ауданында қала әкімінің орынбасары Ерсін  Өтебаевтың басшылығымен қысқы кезеңге дайындық аясында арнайы техникалардың саптық байқауы өткізілді.

 

Іс-шараға Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысып, дайындық барысына бақылау жүргізді.

 

Қысқы кезеңде аудан аумағын қардан тазарту және қар шығару жұмыстарына 609 бірлік арнайы техника мен 820 адамнан тұратын жеке құрам жұмылдырылады.

 

Аталған жұмыстар қыс мезгілінде көшелерді уақтылы қардан тазартуға, көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етуге және қолайсыз ауа райы жағдайларынан туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

ТЖ профилактикасы
21 октября 2026
Астанада мұнай базаларында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексерулер жүргізілуде

Елордалық ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы ҚР өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында мұнай базаларында тексерулер жүргізуде.

Тексерулер елорданың бас мемлекеттік инспекторы генерал-майор М.М.Күлдіковтың қатысуымен өтті.

Ерекше назар қауіпті өндірістік объектілердің техникалық жай-күйіне, технологиялық жабдықтар мен резервуарлық парктің қауіпсіз пайдаланылуына, сондай-ақ өндірістік бақылаудың ұйымдастырылуына аударылады.

Сонымен қатар, персоналды оқыту және білімін тексеру талаптарының сақталуы, жауапты тұлғаларды тағайындау және техникалық құрылғыларды уақтылы техникалық куәландыру мәселелері бағаланады.

Кадр саясаты
21 октября 2026
Елорда гарнизоны Түркиядан оралған ҚР ТЖМ құрамасын салтанатты түрде қарсы алды

Астана қаласы ТЖД Түркия Республикасының Бурса қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнирге қатысқан ТЖМ құрамасын елге оралуына орай салтанатты түрде қарсы алды.

 

Спортшыларға жеңіске деген жігері, табандылығы және халықаралық аренада еліміздің абыройын лайықты қорғағаны үшін алғыс білдірілді.

 

Мұндай іс-шаралар спортшыларды қолдауға, корпоративтік рухты нығайтуға және азаматтық қорғау органдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.

Кадр саясаты
20 октября 2026
Елордалық құтқарушылар Ант қабылдады

Кәсіби мереке – Құтқарушы күні қарсаңында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде жаңадан қызметке қабылданған қызметкерлердің Ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Салтанатты рәсім барысында жас қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға, қызметтік міндеттерін адал атқаруға, Отанға абыроймен қызмет етуге және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға ант берді.

Департамент басшылығы мен төтенше жағдайлар органдарының ардагерлері жас қызметкерлерге ақжол тілеп, қызметте табыс пен абыроймен атқаруды тіледі.

Кадр саясаты
19 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды

  Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.

  – «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.

  Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.

  – Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.

  Мемлекет басшысы қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына тоқталды.

  – Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президенттің айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.

  – Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.

  – Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады, – деді Президент.

  Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.

  – Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.

  – Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.

  – Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.

  – Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.

  Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мына азаматтар марапатталды:

  ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен

Базарбаев Қуанар Бекенұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы

Күлдіков Марат Мұхаметқалиұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы;

  Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Данияр Анри – Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары

Цуркан Алексей Викторович – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» ММ бөлімінің бастығы, Ақмола облысы;

  «Құрмет» орденімен

Дзауров Тимирлан Мусаевич – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бас директоры, Алматы қаласы

Есмаханов Ерік Мейрамбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары

Нарзиева Елена Александровна – Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы;

  «Ерлігі үшін» медалімен

Байдекенов Дархан Азаматұлы – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы

Жалғасов Нұрсұлтан Қойшыбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы

Рысбаев Дархан Әсемқұлұлы – «Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК құтқарушысы

Чеботкин Александр Петрович – «Бурундайавиа» Авиакомпаниясы» АҚ әуе кемесінің командирі, Алматы қаласы;

  «Ерен еңбегі үшін» медалімен

Аралбаев Әбдіхамит – «Оңталап» ШҚ директоры, Қызылорда облысы

Ибрагимов Жанат – «Ағайынды» ШҚ директоры, Абай облысы.

2026 жылғы 19 қазан

https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-kutkarushylarga-memlekettik-marapattar-tapsyrdy-1993819

https://www.akorda.kz/kz/prezident-kutkaru-salasy-kyzmetkerlerin-memlekettik-nagradalarmen-marapattady-1994010

 

Кадр саясаты
19 октября 2026
Елордада Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

19 қазанда Астана қаласындағы Жастар сарайында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлері, басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында бірқатар қызметкерге мерзімінен бұрын арнайы атақтар беріліп, қызметтік міндеттерін адал атқарып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген құтқарушылар ведомстволық наградалармен және медальдармен марапатталды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздардың өнері жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік шараның көркін аша түсті.

Құтқарушы болу – батылдықты, табандылықты және жоғары кәсібилікті талап ететін мәртебелі мамандық. Адам өмірін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша құтқарушылардың мерекесі құтты болсын!

Кадр саясаты
19 октября 2026
Елордалық құтқарушылар қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етті

Құтқарушылар күні қарсаңында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Іс-шараға қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Саят Әбеев пен Руслан Какишевтің жұбайлары, жақындары да қатысты. Олар құтқарушылармен бірге өзгенің өмірін сақтап қалу жолында жанын қиған батырлардың рухына тағзым етті.

Қатысушылар қаза тапқан әріптестерінің ерлігіне, жанқиярлығына және кәсіби борышына адалдығына құрмет көрсетті.

Адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиған батырлардың есімі әріптестері мен жақындарының жүрегінде мәңгі сақталады.

ТЖ профилактикасы
14 октября 2026
Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз!

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Өрттің алдын алу үшін:

 электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз;

 ақаулы электр құрылғыларын пайдаланбаңыз;

 балаларды қараусыз қалдырмаңыз;

 темекі шегу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаңыз;

 жанғыш заттарды жылу көздерінің маңында сақтамаңыз.

Өрт немесе басқа да төтенше жағдай орын алған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласыңыз.

ТЖ профилактикасы
14 октября 2026
Жауапкершілік - мамандықтың негізі
Азаматтық қорғау капитаны Аян Кантек – тәртіпті, өзіне талап қоя білетін және кәсіби біліктілігі жоғары маман. Аян 1998 жылғы 15 наурызда Ақмола облысы Зеренді ауданының Еңбекбірлік ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Санкт-Петербург университетін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Ақмола облысы Жақсы қаласындағы № 13 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымынан бастаған. Қызметтің әр кезеңінде мол тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, біліктілігін арттырды. 2026 жылдан бастап Аян Кантек Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасында бас маман қызметін атқарады. Мемлекеттік өрт бақылауы саласындағы жұмыс мұқияттылықты, ұқыптылықты, принципшілдікті және жоғары ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Аян өз қызметінде осы қасиеттерін танытып, жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындайды. Ол – сабырлы, жинақы әрі мақсатқа ұмтылған маман.
 
 
 
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы