Елордада «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу аясында Жасыл белдеуде өрт тактикалық жаттығуы өтті

Елордада «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу аясында Жасыл белдеуде өрт тактикалық жаттығуы өтті

Күннің жылуымен  жүздеген адамдар табиғат аясында демалуға шыға бастайды. Алайда, адамдардың немқұрайлы әрекеттері өрттердің орын алуына себепші болатыны өкінішті.

Құрғақ шөптің жануы уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Көп жағдайда өрт шыққан жерде  құрылыстар мен  тұрғын үйлер орналасады. Елордада ағымдағы жылдың 8 сәуірінен бастап өрт қауіпті кезең бастау алды. Осы  өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап құрғақ шөптер мен қамыстардың 15 жануы тіркелді, оның жалпы аумағы 2197,5 шаршы метрді құраған. Табиғи қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жүргізілді және 149 гектардан астам қамыс пен құрғақ өсімдіктер шабылды.

15 мамырда «Өрт-2024» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығулар аясында Жасыл белдеуде өрт тактикалық оқу- жаттығуы өтті.
       Оқу-жаттығу шарттары бойынша демалуға келген адамдардың сөндірмей қалдырып кеткен от ошақтарының салдарынан құрғақ шөптің жануы орын алып, өрт ары қарай орман белдеуіне тарай бастады. Шақыру орнына қаланың шұғыл қызметтері (ТЖ департаменті, Полиция департаменті, Апаттар медицинасы орталығы, "Астана Орманы" ЖШС, "Жасыл-Аймақ" РММ, қаланың коммуналдық қызметтері) келіп, өртті сөндіруге кіріседі. Қатты желдің салдарынан өрттің елді мекенге таралуы байқалады. Өрт орнына "Астана Орманы" ЖШС көмекші техникасы, Өрт сөндіру қызметінің, құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары келеді. Өртті сөндіру барысында Астана Орманы қызметкерлері улы газбен уланып, онда апаттар мен жедел жәрдем медицинасы орталығының бригадасы зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жақын маңдағы ауруханаға жеткізеді. Өрт сөндіру бөлімшелері барлау жүргізеді, жедел штаб құрады және бірлескен әрекеттердің нәтижесінде  өртті жояды.

Шартты өрт  жедел әрі үйлесімді жұмыстардың нәижесінде  бір сағаттан кейін  сөндіріледі. Бұл жаттығуға жеке құрамның 75 адамы мен 25 бірлік техникасы жұмылдырылды.

        Тәжірибе көрсеткендей, жазғы және күзгі кезеңдерде өрттердің саны артады. Негізінен өрттер егін қалдықтарының, қураған жерлердің, тұрмыстық қоқыстардың бақылаусыз өртенуінен болады. Өрт салдарынан үйлер, шаруашылық ғимараттар, жем-шөп, автотехника залал келтіріледі. Өрттің таралу жылдамдығы өте жоғары. Тіпті ересек адамға өз бетінше өртті тоқтатуға мүмкіндік бола бермейді, көбінесе ойын үшін  балалар шөптерді өртейді және отты өшіре алмаған жағдайда, ересектерге қауіп туралы айтпай, жай ғана қашып кетеді. Ал, өрт байқалған кезде кеш болады да, өртті өртке қарсы қызметтің көмегімен ғана сөндіріледі.
         Аумақтарды жинау кезінде қоқыс пен ыдыстарды ғимараттардан, құрылыстардан 50 метр жақын  жерде  жағуға болмайтынын білу қажет. Осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген орындарда қалдықтар мен ыдыстарды жағу бақылай отырып, жүргізілуі тиіс. Ешқандай жағдайда отты қараусыз қалдыруға болмайды. Қараусыз қалған кішкентай от үлкен апатқа әкелуі мүмкін.
   Қызмет түріне және меншік нысанына қарамастан елді мекендердің, ұйымдардың  аумақтары, өртке қарсы алшақтықтар шегінде жанғыш қалдықтардан, қоқыстардан, ыдыстардан, құрғақ шөптерден, мамықтан, жанғыш материалдардан уақтылы тазартылуы тиіс екенін айта кеткен жөн.
     Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер, ашық ауада демалу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз.

Орман және орманды дала аймағында ауқымды өрттердің туындауы барысында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде тәжірибелік іс-шаралар  өрт-тактикалық оқу-жаттығу азаматтық қорғау бөлімшелерінің, орман өрт сөндіру станцияларының, авариялық-құтқару қызметтерінің басшы құрамының тәжірибелік дағдыларын пысықтау және төтенше жағдайлар кезінде оларды шектеулі мерзімде әзірлікке келтіру және жұмыс істеу кезінде құралымдар мен мекемелерді орнықты басқаруды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Сондай-ақ табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде орман шаруашылығының ведомстволық бөлімшелерінің, мекемелерінің (ЖШС, МКМ) өзара іс-қимыл жағдайларының нақтылығы тексеріледі.

Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары!

Табиғат аясына шыққан кезде, сөндірілмеген темекі, сіріңкелерді лақтырмаңыздар, аң аулауға шыққанда бықситын материалдардан жасалған оқ тығынын пайдаланбаңыздар. Алауды тек топырақ қабатына дейін тазартылған алаңға жағыңыз. Дем алатын жерден кетерде отты сумен сөндіріңіз немесе ошақтың жануы толық тоқтағанға дейін топырақ лақтырыңыз. Шыны ыдысты және сынған шыныны қалдырмаңыз.

Басталған өртті сумен және ұзындығы 2 метрге дейінгі жапырақты ағаштардың бұтақтарымен сөндіріңіз немесе топырақ  лақтыруға  болады.

 

Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі