Өрт сөндіру секілді әлемдегі ең қиын мамандықты игеріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген адамдар көп, олардың батыл әрі батыр екеніне қарсы келер сөз жоқ. Қиындығы мен қызықшылығы қатар жүретін бұл мамандық иелері бүгінгі күннің батырлары. Осындай өз қызметіне берік, қырағы әрі ержүрек өрт сөндірушілер біздің арамызда да көп.
Солардың бірі – елордалық Өрт сөндіру қызметінің №10 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Кубетаев Руслан Рустемұлы.
Руслан Рустемұлы 1991 жылы туған еліміздің Тәуелсіздігінің құрдасы, Солтүстік Қазақстан облысы Амангелді ауылында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап қызмет етеді. Белсенді түрде спортпен айналысады. Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД «Құтқарушы» хоккей командасының мүшесі.
Қызмет барысында көптеген өрт сөндіру және авариялық жұмыстарын жүргізуге қатысқан. Солардың бірі 2020 жылғы 4 шілдедегі балалардың терезе алдында құлау қаупі бойынша шақырту. Келіп түскен қоңырау бойынша оқиға орнына жедел түрде №10 өрт сөндіру бөлімі аттанған. Құтқарушылар қатарында Руслан да болған. Руслан автосаты арқылы 4 қабаттың терезесінен кіріп, балаларды құтқарып қалған. Руслан Кубетаевтың жедел әрекетінің арқасында 2015 және 2018 жылы туған балалар ата-анасына аман есен тапсырылды.
Осы ерлігі және басқа қызмет барысындағы үздік қызметі үшін 2020 жылы 16 қазанда ІІ дәрежелі «Құтқарушы» медалімен марапатталған.
« Өрт сөндіруші және құтқарушыболу үшін ең алдымен өз қорқынышыңды жеңіп, батылдық танытуды талап етеді. Өрт немесе құтқару жұмыстарын жүргізу барысында халықтың үрейін байқаймын, олар қорқып оқиға орнынан қашса, біз адамдардың өміріне араша түсуге, мүлкін сақтауға асығамыз. Келіп жеткенде ең алдымен зардап шегушілерді іздейміз. Кейде осындай жағдайларға балалардың тап болуы өкінішті, себебі біз оларды үнемі қауіпсіздікте сақтауымыз керек, сол үшін де біз ата-анамыз..
Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Мен тәуелсіздіктің құрдасы ретінде адам өмірін құтқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп еліміздің дамуына өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан етемін»- дейді бүгінгі кейіпкер.