Алматы мен Алматы облысының 25 мектебінің педагогтары балаларды қауіпсіздікке оқытудың заманауи құралдарын меңгеруде.
Бағдарлама педагогтардың төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға және білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған.
Оқыту Ұлттық волонтерлік желінің, «Білім керуені» қорының және Chevron компаниясының қатысуымен ұйымдастырылды.
Бағдарлама шеңберінде қатысушылар SAQ әдістемесін зерделейді, мектептегі сабақтарға арналған интерактивті материалдармен танысады және төтенше жағдайларға ден қоюдың практикалық сценарийлерін пысықтайды. Оқытуға бейінді қызметтердің өкілдері мен құтқарушылар да тартылды.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері педагогтармен төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіп-қатер туындаған кезде іс-қимылдарды ұйымдастыру саласындағы кәсіби тәжірибелерімен бөліседі. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және балалардың терезеден құлауының алдын алуға ерекше назар аударылды.
Оқытудың маңызды бөлігі - мектептердегі сейсмикалық және жергілікті тәуекелдерді бағалау, қауіпсіздік жоспарларын әзірлеу және шұғыл жағдайларда педагогтардың іс-қимыл алгоритмдерін пысықтау.
Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан, сондықтан әрбір азаматтың жеке дайындығы маңызды* екенін еске саламыз
📌Алматылықтар үшін жер сілкінісі кезінде отбасылық немесе ұжымдық іс қимыл жоспарын жасау маңызды:
- 📌жер асты дүмпулер кезінде әрекет ету үшін үйіңіздегі ең қауіпсіз жерлерді алдын-ала анықтау қажет. Мұндай орындарға мыналар жатады: күрделі ішкі қабырғалардың саңылаулары, ішкі қабырғалардан пайда болған бұрыштар, ішкі қабырғаларды бағандарының жанындағы орындар және жақтау арқалықтарының астында;
-📌 ғимараттан эвакуациялаудың ең қысқа жолын анықтаңыз немесе ғимарат ішінде қауіпсіз орын табыңыз;
-📌 сондай-ақ, болған жер сілкінісінен кейін отбасыңыздың жиналу орнын алдын ала анықтаңыз.
📌Жиһаздың жоғарғы сөрелерді ауыр заттардан босатыңыз.
📌Алматы қаласы Төтенше жағдайлар қажет шаралар туралы айта отырып, биік үйлерде тұратын алматылықтар білуі тиіс 10 қарапайым ережені есте сақтауды ұсынады:
1. дүрбелеңге түспеңіз, сабырлық сақтаңыз;
2. жер асты дүмпулері кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз, жер сілкініп жатқан уақыт өткенше үйде күтіңіз;
3. жиһаздан, терезелерден, люстрадан алыстаңыз;
4. жасырынатын орын табыңыз (жүк көтергіш/капитал/ішкі қабырғалардың бұрышы);
5. ғимараттан шығыңыз (көп қабатты үйлерде – жерасты дүмпулері тоқтағаннан кейін);
6. суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
7. алдын-ала дайындалған «дабыл чемоданын» алыңыз;
8. ғимараттан эвакуациялау кезінде электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
9. жер сілкінісінің қайталануы мүмкін екеніне дайын болыңыз;
10. балаларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіңіз.
📌Эвакуациядан кейін зардап шеккен халықты ауқымды төтенше жағдай кезінде орналастырылатын ең жақын қабылдау пунктіне орналастыру қажет.
📌Алматыда зардап шеккен халықты қабылдайтын 384 қабылдау пункті жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Данияр Анри II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Қызмет жылдарында ол өзін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, құтқару қызметін дамыту, жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру ісіне елеулі үлес қосқан білікті әрі бастамашыл басшы ретінде танытты.
Мерекелік іс-шара азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, қызмет ардагерлерін және құрметті қонақтарды бір ортаға жинады.
Салтанатты рәсім қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Ерекше сәттердің бірі өзгелерді құтқару жолында өз өмірін қиған құтқарушыларға арналған бейнероликтің көрсетілімі болды.
Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты іс-шара аясында азаматтық қорғау органдарының дамуына елеулі үлес қосқан, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған қызметкерлер мен ардагерлер марапатталды.
Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлшат Дәуренбекова мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұрынғы орынбасары Валерий Викторович Петров құттықтау сөз сөйледі. Олардың сөздері ұрпақтар сабақтастығының маңызын, ардагерлердің көпжылдық тәжірибесінің құндылығын және қызметтің үздік дәстүрлерін сақтаудың маңыздылығын айқындады.
Салтанатты рәсімнің ең әсерлі әрі жүрекке жылы сәттерінің бірі көп жылғы қызметін аяқтап, құрметті еңбек демалысына шыққан азаматтық қорғау органдарының ардагерлерін салтанатты түрде шығарып салу болды.
Мерекелік көңіл күйді Алматы гарнизонының өртке қарсы қызметінің үрмелі аспаптар оркестрінің өнер көрсетуі толықтырды. Қонақтар мен қатысушыларға танымал әндер орындалып, ортақ бірлік, өзара құрмет пен таңдаған мамандыққа деген мақтаныш сезімін ұялатты.
Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.
– «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
– Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына тоқталды.
– Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.
– Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.
– Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.
– Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.
– Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.
– Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.
– Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.
Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мына азаматтар марапатталды:
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен
Базарбаев Қуанар Бекенұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы
Күлдіков Марат Мұхаметқалиұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы;
Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
Данияр Анри – Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары
Цуркан Алексей Викторович – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» ММ бөлімінің бастығы, Ақмола облысы;
«Құрмет» орденімен
Дзауров Тимирлан Мусаевич – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бас директоры, Алматы қаласы
Есмаханов Ерік Мейрамбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары
Нарзиева Елена Александровна – Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы;
«Ерлігі үшін» медалімен
Байдекенов Дархан Азаматұлы – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы
Жалғасов Нұрсұлтан Қойшыбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы
Рысбаев Дархан Әсемқұлұлы – «Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК құтқарушысы
Чеботкин Александр Петрович – «Бурундайавиа» Авиакомпаниясы» АҚ әуе кемесінің командирі, Алматы қаласы;
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Аралбаев Әбдіхамит – «Оңталап» ШҚ директоры, Қызылорда облысы
Ибрагимов Жанат – «Ағайынды» ШҚ директоры, Абай облысы.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында азаматтық қорғау нысандарының қызметімен, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен, сондай-ақ қалалық қызметтердің төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайындығымен танысты.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алатау» жедел мақсаттағы Оңтүстік базасында вице-премьер құтқару бөлімшелері мен №21 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің төтенше жағдайларға дайындығын тексерді.
«Келесі жылы барлық күштер мен құралдарды жұмылдыра отырып, ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізу қажет. Бөлімшелердің нақты жасақталуын және төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде тексеру маңызды», — деді Қанат Бозымбаев.
«Медеу» сейсмологиялық станциясында вице-премьерге жер сілкіністерін бақылауға арналған жабдықтар мен ерте хабарлау жүйесі таныстырылды.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына барды. Оның базасында ғылыми зерттеулер жүргізу, сейсмологиялық деректер алмасу және ерте ескерту жүйелерін жетілдіру мақсатында бірлескен қазақстандық-қытайлық орталық құру жоспарланып отыр.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау күштерінің дайындығы қаралды. Вице-премьер сондай-ақ 103,6 мыңнан астам өтініш қабылдаған 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен және №105 мектеп-гимназия базасында орналасқан зардап шеккен халықты қабылдау пунктімен танысты. Қалада барлығы осындай 384 пункт қарастырылған, оның 150-і мобильді қоймалармен жабдықталған.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев Алматы қаласының әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Оған қала әкімі Дархан Сатыбалды мен салалық министрліктердің өкілдері қатысты.
Кеңесте Қазақстан аумағының шамамен 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жататыны атап өтілді. Жыл басынан бері 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркелген, оның сегізі 2–4 балл деңгейінде сезілген.
«Сейсмикалық қауіпті болжау мәселесінде заманауи тәсілдер қажет. Бұл жұмысқа цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу керек», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне бақылауды күшейтуді, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды тексеруді және қауіп-қатерлердің цифрлық дерекқорын қалыптастыруды тапсырды. Сондай-ақ тектоникалық жарылымдар аймақтары мен тау бөктеріндегі аудандарда құрылыс салуға тыйым салу қажеттігін атап өтті.
ТЖМ-ге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп сейсмологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру, «Mass Alert» жүйесін енгізуді аяқтау және халықтың жер сілкінісіне дайындығын күшейту тапсырылды.
Бұдан бөлек, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Тараз қаласының сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеуді қаржыландыру мәселесін пысықтау, сондай-ақ жер сілкіністерін зерттеу жөніндегі қазақстандық-қытайлық орталықты құру жұмысын жандандыру қажет.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығына, Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығына және Орталық сейсмикалық обсерваторияға барды.
Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Жапсарбай Сұлтанбеков министрге ғылыми бөлімшелердің жұмысы мен зерттеулердің соңғы нәтижелері туралы баяндады. Орталық мамандары сейсмикалық белсенділікті зерттеп, Солтүстік Тянь-Шань аумағы бойынша спутниктік және геофизикалық деректерді талдайды. Сонымен қатар сейсмикалық тәуекелдерді бағалау әдістері мен жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйелерін зерттейді.
Орталықтың жетістіктері қатарында геофизикалық көрсеткіштердің өзгерістерін зерттеу, сейсмикалық оқиғалар туралы деректерді жүйелеу және сейсмологиялық бақылауларды өңдеу әдістерін дамыту бар. Ғылыми кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының 50 жылдан астам тарихында алғаш рет бірден 16 қызметкер Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Олардың 12-сі докторантураға, төртеуі магистратураға қабылданды. Үш зертхананың мамандары жер сілкіністерінің алдын алу және олардың салдарын азайтуда жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша халықаралық оқудан өтті.
Министр екі елдің ынтымақтастығы аясында Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының базасында құрылған Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығына барды. Ол жаңғыртудан кейінгі үй-жайларды аралап, мамандармен кездесті. Орталық бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау, сейсмикалық мониторинг және жер сілкінісі туралы ерте ескерту технологияларын дамыту бағытында жұмыс істейді.
Орталық сейсмикалық обсерваторияда Мұрат Мұханов сейсмикалық белсенділікті бақылау, келіп түсетін деректерді өңдеу және жер сілкіністері туралы жедел ақпарат дайындау үдерісімен танысты.
Сапар барысында ғылыми зерттеулерді одан әрі дамыту, мамандар даярлау және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша шетелдік ғалымдармен ынтымақтастық орнату жайы талқыланды.
Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов инклюзия мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесші Меруерт Құлахметовамен кездесті. Кездесу Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің фронт-офисінде өтті.
Кездесудің басты тақырыбы - төтенше жағдайлар кезінде мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тараптар құтқарушылар көмегінің қолжетімділігін арттыру, қозғалысы шектеулі азаматтарды эвакуациялауды жеңілдету және қауіпсіздік ережелері туралы ақпаратты баршаға қолжетімді ету мәселелерін талқылады.
Меруерт Құлахметова өрт, жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар кезінде мүгедектігі бар адамдарды мінез-құлық қағидалары туралы ақпараттандыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Есту және көру қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, қолжетімді хабарлау тәсілдері мен түсінікті ақпараттық материалдарды әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігін арттыру және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Кәсіби мереке қарсаңында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жас құтқарушылардың сынып оқушыларын құттықтады.
Кездесу оқушыларды патриоттық тәрбиелеуге, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және мамандыққа қызығушылықты арттыруға бағытталды. Балаларға қызметтің жауапкершілігі, ерліктің, өзара көмектің маңыздылығы және қиындыққа тап болғандарға көмектесуге дайындығы туралы айтылды.
Оқушыларға оқуда табыс, тәртіптілік және жаңа жетістіктер тіледі. Кездесу соңында балаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жас құтқарушылар сыныптары балаларды қауіпсіздік күзетінде тұрған адамдарға жауапкершілік, батылдық пен құрметке тәрбиелеуге көмектеседі. Алынған білім мен дағдылар қауіпсіз мінез-құлық негізін қалыптастырады және төтенше жағдайлардың алдын алуға саналы түрде қарауға көмектеседі.
Халықтың хабардарлығын арттыру және азаматтарға кеңес беру мақсатында Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша жедел желіні іске қосты!
Енді кез келген азамат өрт қауіпсіздігі саласының маманынан кеңес ала алады.
Жедел желінің жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін).
Телефон: 8 (727) 279 91 93
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, сақ болыңыздар!
Сіздің қауіпсіздігіңіз — өз қолыңызда!