Ел батырлары өз арамызда

Ел батырлары өз арамызда

Бахытжан Бекболатұлы Туребаев азаматтық қорғау органдарында 2006 жылғы қыркүйек айынан бастап қызмет атқарады. 1994 жылы қараша айында Шымкент қаласындағы №5485 әскери бөлімінде әскери борышын өтеу үшін шақырылып, 1995 жылы қыркүйек айында сол жерден Тәжік-Ауған шекарасына өз қалауымен жіберілген. Шайқас орнында шабуыл жасаған содырларға қарсы тұрып, қазақ батальонының намысын қорғауға қатысқан. 1996 жылы мамыр айында Шымкент қаласына №5485 әскери бөліміне әскери борышын толық өтеп оралды.
Қазіргі уақытта Алматы қ.ТЖД Медеу ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы №16 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымында қызмет атқарады. Бахытжан Бекболатұлы бақытты отбасында үш бала тәрбиелеп отырған батыр әке.

Айдын Бозтайлақұлы Дулатов азаматтық қорғау органдарында 2002 жылғы қыркүйек айынан бастап қызмет атқарады. Өзінің әскери борышын өтеу үшін 1997 жылы мамыр айында Зайсан қаласы Қызыл ту шекара жасағының 2017 әскери бөліміне шақыртылады. 1998 жылы қызмет атқарып жүрген кезінен Тәжікстан Республикасы Калайхумб кенті №2111 әскери бөліміне Тәжік-Ауған аумағында ТМД елдерінің сыртқы шекараларын қорғау жөніндегі №2547 әскери бөліміне іс сапарландырылады. Өз борышын атқару кезінде сыртқы шекаралардың қорғанысын күшейту және есірткі мен қару-жарақ ағынының алдын алу жұмыстарын жүргізуге практикалық көмек көрсеткен. Әскери борышын адал және жауапты орындағаны үшін №2547 әскери бөлімінің басшылығы атынан Айдын Бозтайлақұлының ата-анасына алғыс хат жолданған.
Қазіргі уақытта Алматы қ. ТЖД Медеу ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы лауазымында қызмет атқарады. Өнегелі отбасы иесі, үш баланың ардақты әкесі.

Қазақстан Республикасының Ардагерлер туралы Заңына сәйкес 1992 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған ҚР әскери қызметшілері басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері болып танылады.