Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен жеке тұрғын үйдегі өртте адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін ҚР Мемлекеттік күзет қызметкері Дархан Талғатұлы Ендібай «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Марапатты министрдің атынан Алматы қаласы ТЖ департаментінің бастығы полковник Нұрлан Атығаев табыстады.
2024 жылғы 18 қыркүйекте сағат 09:49-да Алматы қ. ТЖД «101» пультіне Медеу ауданында, жеке тұрғын үй отқа оранғаны туралы туралы хабарлама келіп түсті.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін, Мемлекеттік күзет қызметкері Дархан Талғатұлы Ендібай көрші үйде орын алған өрт жайлы есітіп, дереу жанып жатқан үйге аттанды. Басқа адамдар абдырап тұрғанда, ол өртеніп жатқан өрт пен қою түтін жағдайында, денсаулығына үлкен қауіп төнетініне қарамастан, жанып жатқан үйге кіріп, тұрғындарды эвакуациялау шараларын жүргізді. Нәтижесінде, уақытылы және дұрыс жүргізілген әрекеттің арқасында 1932 жылы туған, қарт әйел кісі құтқарылды.
Осылайша, Дархан Талғатұлы Ендібай өзінің азаматтық позициясын көрсете отырып, төтенше жағдайларда жағдайды тез және дұрыс бағалай білу қабілетін көрсетті, адам өмірін сақтау үшін дұрыс шешім қабылдады.