Алматының тауға шығатын туристері жүретін маршруттарын құтқарушылармен бірге бекітеді – ТЖ Министрінің ұсынысы

Алматының тауға шығатын туристері жүретін маршруттарын құтқарушылармен бірге бекітеді – ТЖ Министрінің ұсынысы

Бүгін Алматыға Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Юрий Ильин жұмыс сапарымен келді. Ол табиғи өрттер, көшкін қаупі бар кезең мен су тасқынынан туындаған ТЖ-дың алдын алуға және жоюға бағытталған жұмыстар бойынша жиналыс өткізді. Сондай-ақ, таулы аймақтарда туристік маршруттарды электронды негізде мақұлдауды іске қосуды ұсынды.
Министр өз сөзінде Алматы өңірінде климаттық ерекшеліктерге байланысты түрлі табиғи апаттар жиі болып тұратындығын атап өтті.
Юрий Ильин мемлекет басшысының елдегі төтенше жағдайлардың санын азайту жөніндегі тапсырмасын еске салып, бизнес-қауымдастық жауапты ведомствоға төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектесуі тиіс екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, ол Алматының таулы аумақтарындағы көшкінге байланысты жағдайларды атады. Ағымдағы жылы таулы жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтамау себебінен көшкін салдарынан 1 адам зардап шегіп, өкінішке орай 2 адам қаза тапты.
Ағымдағы жылдың 10 наурызында "Шымбұлақ" ТШК келуші сырғанауға рұқсат етілген таңбаланған трассалардың шегінен шығып кетіп, бұл көшкіннің шығуын тудырып, өмірге сәйкес келмейтін бас жарақаттарын алды.
Ү.ж. 13 сәуірде "Молодежный" шыңында 6 адамнан тұратын топтағы шетелдіктер тау бөктерінде сырғанап, көлемі 150 мың м3 қар көшкінінің жүруіне себеп болды. Қардың астында 2 шетелдік (Франция азаматтары) қалды. 36 адам, 9 бірлік тех.1 тікұшақ, 1 ПҰА жұмылдырылды. Жүргізілген құтқару операциясы барысында көшкіннен бір адам құтқарылды, өкінішке орай құтқарушылар екінші адамды өмір белгілерінсіз тапты .
"Біз маршрутқа шығатын барлық туристік топтарды Алматының ТЖ департаменті мамандарымен мақұлдауға және хабарлауға міндеттеу жөнінде заңнамаға өзгеріс енгізуге бастамашы болуға ынталымыз. Туризмді дамыту бойынша фронт-офистің құрылуын ескере отырып, топтардың қалай қозғалатынын бақылау үшін РЖҚЖ-дан туристік маршруттарды тіркеудің электронды нұсқасын тезірек іске қосу қажет", - деп ұсынды Ю.Ильин.
Атап өту қажет, 2020-2022 жылдар аралығында ТЖМ құтқару бөлімшелері, қалалық құтқару қызметі және таулы жерлердегі волонтерлер 72 іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді, оның барысында 90 адам, оның ішінде 13 бала құтқарылды.
Өз кезегінде, 2021 жылдың қараша айында қала әкімдігі таулы жерлердің шалғай учаскелерінде 15 тау үйшіктерін орнатты, онда туристерге алғашқы медициналық көмек жиынтығын (дәрі қобдишасы, мобильді құрылғыларды зарядтау станциясы, жылы көрпе және бұзылмайтын азық-түлік жиынтығы) ала алады. Алматы қ.құтқару қызметінің "109" пультіне "SOS" спутниктік сигналын беру үшін дабыл түймелері орнатылды.
ТЖМ басшысы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, құқықтық және әлеуметтік негізде қорғалуын арттыру мәселесіне ерекше назар аударды.
Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары полковник Ерлан Әлібеков 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы туралы баяндады. Ол мегаполистегі Төтенше жағдайлар санының 14%-ға және зардап шеккендер санының 12%-ға төмендегенін атап өтті. Өрт сөндіру қызметі 1 183 шақыруды жүзеге асырды, соның нәтижесінде ТЖ аймағынан 218 адам эвакуацияланды, бұл ретте 120 адамның өмірі құтқарылды.
Сонымен қатар, Республикалық жедел-құтқару жасағы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшылығы 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша Юрий Ильин Министрлік бөлімшелерінің қала аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға бағытталған қызметін жалғастыру қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде ТЖМ басшылығы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға әлеуметтік кепілдіктерді жақсартуға бағытталған барлық шараларды қабылдайтын болады.
Министр өз сапары аясында "Сейсмология институты” мен "Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедицияға" барды.