Алатау қаласының ауыл шаруашылығы алқаптарында рұқсатсыз шөп өртеу фактілерінің алдын алу бойынша рейд жүргізілді

Алатау қаласының ауыл шаруашылығы алқаптарында рұқсатсыз шөп өртеу фактілерінің алдын алу бойынша рейд жүргізілді

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде профилактикалық рейд жүргізді. Іс-шараның мақсаты — шөптің, атап айтқанда жоңышқа қалдықтарының рұқсатсыз өртеу фактілерін анықтау және жолын кесу.

Рейд барысында жақында жану белгілері бар учаскелер анықталды. Мұндай әрекеттер өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға зиян келтіріп, өрттің көршілес аумақтар мен елді мекендерге таралу қаупін тудырады.

ТЖД қызметкерлері ауыл шаруашылығы өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша хаттамалар толтырылды.

Мұндай рейдтер өрт қауіпті маусым бойы жалғасатын болады. Азаматтарды құрғақ шөпті өз бетімен өртеуден бас тартуға және өрт шыққан жағдайда шұғыл қызметтерге дереу хабарлауға шақырамыз.

Алматы облысының ТЖД