
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысында қар көшкіні қаупінің алдын алу бойынша профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) қызметкерлері, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары және жергілікті полиция өкілдері бірлесіп, көшкін қаупі жоғары учаскелерді тексерді.
Әсіресе, Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген шатқалы мен Ысық көлі көшкін жүру қаупі жоғары аймақтар болып саналады. Осыған байланысты аталған аумақтар мұқият зерттеліп, қауіпсіздік жағдайы тексерілді.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қауіпті аймақтарға жақын орналасқан елді мекендерде көшкін қаупі мен сақтық шаралары туралы хабарландырулар жасалып, тұрғындар мен қонақтарға қауіпсіздік ережелері көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.
Құтқару қызметтері азаматтарды барынша сақтық танытуға, көшкін қаупі жоғары аймақтарға барудан бас тартуға және мамандардың нұсқаулықтарын қатаң сақтауға шақырады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда, тұрғындар 112 жедел қызмет нөміріне хабарласуы қажет.
Алматы облысының баспасөз қызметі