Дала және орман өрттерінен сақ болайық

Дала және орман өрттерінен сақ болайық

Өрт шығу қауіпі жоғарланған кезеңі келді. Қазіргі күні Орталық диспетчерлік байланыс пунктісіне дала өңірі және құрғақ шөптің өртенуі туралы хабарламалар түсуде. Өрт сөндірушілерге тыным жоқ. Бір өңірдегі өрт сөндіріліп жатса, басқа маңнан жаңа өрт қылаң береді. Барлық себеп күннің ыстығында болып тұр. Қазір қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген.

Қоршаған ортада туындаған өрттің себептері де әр түрлі. Оған ең бастысы адамның да кінәраты бар десек артық айтпаймыз. Көкке шыққан азаматтардың жаққан оттарын сөндірмей кеткендерінен, жол жиегіне өшірмей тастай салған темекі тұқылынан өрт шыққан оқиғалар көп. Бұның барлығы да адамзаттың табиғат-Анаға деген немқұрайды көзқарасынан туындайтындығы сөзсіз.

Қоршаған ортада орын алған өрттің зияны да ерекше. Біріншіден, ауа ластанса, келесі кезекте өрттің орманды-далалы аумақтарға түсу қауіпі артады, мал жайылымын, шабындықты құртады. Биолог ғалымдардың айтуынша, өртенген орманның қалпына келуі үшін кемінде 1 ғасыр уақыт керек.

Осы жайттар қазіргі күні Төтенше жағдайлар бөлімін алаңдатуда. Осыған орай көз жетімді жерлердің барлығы Талғар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен апта сайын орманды-далалы аумағын шарлауымен қадағаланып отыр. Барлық мақсат табиғат аясында шыққан жедел өртті анықтап, оны сөндіруге күштерді мерзімді жұмылдыруға арналған.

Құрметті қала тұрғындары, Талғар өңірі өзінің көрікті табиғатымен, жазиралы даласымен ерекшеленіп, көз тартады. Дала өрттерін болдырмауы үшін, әрқайсымыз қолдан келер өз үлестерімізді қосуымыз тиіс.

                   

                                                Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі