
2024 жылдың 3-4 маусым аралығында Алматы облысында «Алматы облысындағы жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған ТЖ жою кезіндегі іс-қимылдарға облыстық азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында «Жер-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
«Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында қатысушылар мен облыс тұрғындарына жойқын жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, қауіпсіз орындарды анықтау, эвакуациялау, зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу сияқты іс-шаралар көрсетілді.
Жоспарға сәйкес, Алматы облысында жалпы 387 нысандарда сейсмикалық жаттығулар өткізілді. Іс-шара барысында 2 мыңға жуық адамды эвакуациялау бойынша іс-шаралар жүргізілді.
Сонымен қатар, облыс аумағындағы 8 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал 1 қала (Қонаев) мен 9 ауданда (Балқаш,Іле, Қарасай,Жамбыл, Талғар, Енбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген, Райымбек) жалпы 9 шатырдан тұратын қалашық құрылды.
Жоспарға сәйкес, жер сілкінісінен туындаған ғимараттардың, құрылыстардың қирауы, зақымдануы салдарынан күрделі жағдай туындады, оның барысында өрттерді сөндіру бойынша практикалық іс-шаралар, инженерлік жұмыстар және зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету пысықталды.
Жаттығуға жалпы 118 техника, 370 жеке құрам жұмылдырылды.
Өткізілген оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Алматы облысының құтқару бөлімшелері мен азаматтық қорғау қызметтері жойқын жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарға жоғары дайындығын көрсетті.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі