Тәуелсіздік құрдасы

Тәуелсіздік құрдасы

Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы дүниеге келген сәбилер елімізбен бірге жасап, ер жетіп келеді. Олар сан түрлі мамандық иелері атанып, еліміздің әр өңірлерінде егемен елдің еркін азаматтары болып, ер жетуде. 

Болашақтың кілтін өз қолдарына алған Тәуелсіздіктің төл құрдастары біздің аграрлы ауданымызда түрлі саланың тізгінін ұстап, өңіріміздің дамуына өздерінің үлестерін қосып жүр.

Осындай Тәуелсіздіктің құрдасы болғанын үлкен мәртебе, бақыт және мақтанышқа балайтын азаматтың бірі Нұрбол Жексебаев. Ол 1991 жылдың 3 қараша айында Бақанас ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы М. Сеңгірбаев атындағы орта мектептің түлегі.

Нұрбол Серікбайұлы 2009-2013 жылдары  Алматы қаласындағы Орталық Азия университетін, 2019-2021 жылдары Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы университетін тәмамдаған білімі жоғары. Ал   2016 жылы аудандық өртке қарсы мекемесіне жүргізуші болып, еңбек жолын бастаса,  2021 жылдан бері осы мекеменің қарауыл бастығы қызметін атқарып келеді.

Тәуелсіздің құрдасы Нұрболмен сұхабаттасқанымызда ол өз ойын былай деп түйіндеді: «Тәуелсіздік мерекесі мен үшін және менің құрдастарым үшін ерекше күн. Өйткені біз дүниеге шыр етіп келген күннен бастап «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» деген аталы сөзді естіп өстік. Ата-бабаларымыздың Тәуелсіздік пен азаттық жолындағы ғасырлар бойы күресін тарихтан оқып өстік. Қаншама хас батыр баһадүр бабаларымыз азаттықтың жолында қан төкті. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы біз дүниеге келген жылы орындалып, Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Орда бұзар жастан асқан Тәуелсіз мемлекетіміз Аллаға шүкір қарқынды дамып келеді» деп ол өзінің өрт сөндіру мекемесінде қызмет жасап жүргенін мақтанышпен әңгімелеп берді.

Алдыңғы толқын ағалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып жүрген әңгіме кейіпкері бүгінгі таңда 3 баланың әкесі. Бала тәрбиесінде де ерекше көңіл бөлген жас әке балаларының болашақта Тәуелсіз мемлекетіміздің белсенді азаматтар болып ер жетсе деген арманы да асқақ екен.

Жауапты әрі қауіпті мамандықты таңдаған Тәуелсіз елдің перзенті өзіне жүктелген тапсырмаға еш уақытта атүсті қарамаған. Ол қашанда өз ісінің берік әрі тәжирбелі маманы.

«Елдің ертеңі – жастар» десек, жастардың жүйрік ойлы, зерек те жан-жақты, әділетті де бәсекеге қабілетті болып өсуі басты мақсатымыз. Олардың еліміздің  өркендеуіне қосқан тамшыдай үлестері тұғырлы Тәуелсіздігіміздің табаны тайғанамай тұрақты болуына серпін берері сөзсіз.

  Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі