Мамандыққа айналған хобби

Мамандыққа айналған хобби

Адамдардың өмірінде түрлі қайғылы оқиғалар орын алуы мүмкін, солардың ішіндегі ең қауіптілердің бірі – өрт. Өрт тез шығады, ал оны сөндіру – оңай жұмыс емес. Өрт ештеңені де, ешкімді де аямайды. Өртті дұрыс бағаламауға болмайды, сондықтан бұл салада тек батыл азаматтар және тек өз саласының мамандары жұмыс істеуі керек, өйткені адам өмірінің амандығы соларға байланысты.

Кішкентай кезінен бастап көптеген балалар бұл мамандықтың маңыздылығын түсінеді, ал бүлдіршіндердің көз алдында өрт сөндірушілер адам өмірін сақтап, тіпті ең үлкен өрттерді тоқтататын нағыз қаһармандар ретінде қалыптасқан. Сондықтан жас мамандардың өрт сөндіруші мамандығына деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып келеді. Талапкерлердің көп бөлігі өмірде мамандық таңдауда дәл осы азаматтық қорғаныс саласын таңдайды. Ал кейде мамандық сені өзі таңдауы мүмкін.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіндегі жас қызметкерлердің бірі – Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясын тәмамдаған соң қазақстандық құтқарушылар қатарына қосылған жас офицер – азаматтық қорғау лейтенанты Аркен Әлімханов.

Ол 2001 жылы 29 желтоқсанда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Бала кезінен офицер болуды армандаған Аркен 9-сыныпта-ақ өрт сөндіру-құтқару спортымен айналыса бастады. Мектеп кезінен басталған хоббиі оның өмірлік жолын анықтады. Сол кездің өзінде Азаматтық қорғаныс академиясына оқуға түсіп, осындай абыройлы мамандықты игеруді мақсат етіп қойған ол бүгінде Талғар қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің аға инженері.

«Ағымдағы жылдың шілде айында мен Талғар қаласының №2 өрт сөндіру бөліміне тағайындалып, бірден өртті сөндіруге кірістім. Бірінші рет Өтеген батыр ауылындағы сауда дүкеніндегі өртті сөндіруге бардық. Басында, әрине, аздап үрей болды. Бірақ құтқарылған адамдардың алғысы қорқыныштан әлдеқайда жоғары. Сенің жұмысың – адамдарды құтқару – өте маңызды миссия екенін түсінген кезде, басқа салаға бару туралы ойламайсың да. Мен өзімді басқа жұмыста елестете де алмаймын», - деп бөлісті Аркен.

Өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеген аз уақытына қарамастан, Аркен өзінің табанды мінезімен, берілген тапсырмаларды шешуге сауатты көзқарасымен, сонымен қатар қарым-қатынас жасау, жауап беру қабілетімен ұжымның құрметіне ие болды.

Мамандандырылған жоғары оқу орындарының жас түлектері жылдар өте келе аға буын өрт сөндірушілердің орнын лайықты түрде басып, әлемді басқа адамдар үшін қауіпсіз ете отырып, қоғамға пайдасын тигізеді деп сенеміз.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі