
2022 жылы Алматы облысының аумағында су басу қаупі бар 34 учаске анықталды. Жергілікті атқарушы органдар қабылдаған алдын алу шараларымен 7 су тасқыны қауіпті учаскеде су басу қаупі жойылды.
2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі бекітілген облыстық жоспардың іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмыс жоспарланған мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады. Жоспар бойынша келесі жұмыстар жүргізілуде:
Ағымдағы жылдың 18 қаңтары мен 3 ақпанында су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық жүргізу мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді, оның нәтижелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, аудандар мен қалалардың әкімдеріне арықтарды, каналдарды, су өткізу құбырларын уақтылы тазарту, қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жүргізу туралы қосымша міндеттер мен нұсқаулар қойылды облыс аумағында орналасқан аса су тасқыны қауіпті учаскелерді визуалды шолып тексеру, күштер мен құралдарды топтастыруға дайындығын қамтамасыз ету.
Су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық бойынша халық арасында ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Телеарнада сөз сөйлеп, баспа басылымдарында, әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланды. Тұрғындармен 828 адам қамтылған 84 жиын өткізіліп, 357 жадынама табыс етілді.
Су тасқыны қауіпті ахуалдың күнделікті мониторингі үшін 42 гидропост орнатылды, оның ішінде" Қазгидромет” РМК - 27 және “Қазселденқорғау" ММ - 15. Қазіргі уақытта бұл гидропосттар өзендердегі су деңгейінің көтерілуін бақылау үшін тәулік бойы жұмыс істейді.
2023 жылдың басынан бастап су тасқынына дайындық мақсатында жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар мен объектілердің меншік иелері, сондай – ақ халық 730 км арықтар, 563 км каналдар, 350 бірлік автомобиль және 41 бірлік теміржол су өткізу құбырларын тазартты. Тұрғын үйді еріген су басуына жол бермеу мақсатында елді мекендерден 4262 мың м3 астам қар шығарылды.
Ағымдағы жылдың 30 қаңтарынан бастап Алматы облысы ТЖД гарнизонының бөлімшелері қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Су айдау техникасы мен жабдықтары (мотопомпалар, АЦ) дайындыққа келтірілді, шанц аспабы дайындалды.
Су тасқыны жағдайының асқынуы жағдайында жалпы саны 2051 адам, 449 бірлік техника, 125 мотопомпалар, 15 бірлік жүзу құралдары, 37570 қапшықтар, сондай-ақ 23 шатыр, 701 төсек және 701 төсек-орын жабдықтары жиынтығы облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының топтамасы құрылды.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі