
2023 жылғы 4 қаңтарда Алматы облысы ТЖД кезекші бөлімінің пультіне орталық аудандық ауруханадан Кеген ауданының Кеген ауылында көппәтерлі тұрғын үйде 4 адам көміртегі тотығымен уланғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Мән-жайларды анықтау үшін шақыру орнына дереу Кеген ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері жіберілді. Шақыру орнына келгеннен кейін, бітелген мұржаның салдарынан қатты отынмен жылытуды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзғандықтан, 4 адам көміртегі тотығымен уланғанғандығы анықталды: 1997 жылы туылған әйел және 2019, 2020 және 2022 жылы туған 3 бала. Олар орталық аудандық ауруханаға жатқызылды, жағдайлары орташа дәрежеде.
Айта кету керек, Алматы облысы ТЖД қызметкерлері 2022 жылғы 9 желтоқсанда осы көппәтерлі тұрғын үйді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы жаднама мен түбіртек-ұсыныс берген болатын.
Уланудың және адам өлімінің алдын алу мақсатында ҚР ТЖМ тұрғындарға үйлерінің, пәтерлерінің өртке қарсы жай-күйін тексеруді, пеш және электр сымдары мен электр аспаптарының жарамдылығына ерекше назар аударуды ұсынады. Егер қандай да бір кемшіліктер табылса, оларды дереу жою керек.
Азаматтардан жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұраймыз.
Егер өрт орын алса, дереу 101 немесе 112 телефонына қоңырау шалу қажет.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі