
2022 жылғы 1 сәуір күні Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «Жетісу Алатауы өңірлік пайдалану басқармасы» филиалымен бірлесіп, көшкін қаупі бар және мореналық көлдердің жай-күйін тексеру мақсатында Жетісу Алатауы тауларындағы Қора, Көксу, Қорғас өзендерінің бастауларында орналасқан мұздықтарға аэровизуалды шолу жүргізді. Аэровизуалды шолу Талдықорған қаласының әуежайынан Еурокоптер - ЕС145 тікұшағымен жүргізілді.
Бүгінгі таңда 2500 метрден астам биіктіктегі қардың қалыңдығы: таулардың оңтүстік беткейлерінде - 30-40 см; таулардың солтүстік беткейлерінде – 1 м-ден 1,5 м-ге дейін. Панфилов ауданы аумағы бойынша - қар қалындығы жылдық нормадан аз, су өтімдері таза, транзиттік түрде екені анықталды. Ауа температурасы 2500 метрде +3,5, 3400 метрдегі биіктікте +1, 3800 метрде -5 градусты құрайды.
Бүгінгі таңда гидрологиялық жағдай қалыпты. Қар көшкіні түсу ошақтары тіркелді – Кербұлақ ауданында және Көктал өзені арнасында 7 жерден көшкіннің түсу фактілері орын алған. Су өтімі транзиттік түрде өтіп жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ екені анықталды.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі