
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының XX Халықаралық конференциясының шешіміне сәйкес 2021 жылғы 31 тамызбен 6 қыркүйек аралықтарында Қарағанды қаласында ерлер арасындағы XVI Әлем Чемпионаты және әйелдер арасындағы өрт-құтқару спорты бойынша VII әлем чемпионаты өтеді.
Әлем чемпионатына қатысу үшін Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Словакия, Чехия, Польша, Болгария, Австрия, Сенегал, Катар, Монғолия сияқты 12 елдің спортшылары мен делегаттары өтінім берді.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын өткізу әлемнің түрлі елдерінің спорт ұйымдары арасында спорт саласындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға, өрт сөндіру-құтқару қызметі қызметкерлері мен жұмыскерлерінің кәсіби және жауынгерлік даярлығын, спорттық шеберлігін жетілдіруге, әлемдік ауқымда өрт сөндіру-құтқару спортын одан әрі дамытуға және насихаттауға бағытталған. Өрт-қолданбалы спорты 1937 жылы КСРО-да пайда болды және кейінірек Еуропада таралды. Қазақстан екінші рет өрт-құтқару спорты бойынша чемпионаттың өткізілу орны болып сайланады. 2014 жылы әлем біріншілігіне қатысушыларын Алматы қаласы қабылдады.
Чемпионатқа Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы, Словакия Республикасы, Польша Республикасы, Сенегал Республикасы, Чех Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Монғол Халық Республикасы, Австрия Республикаларынан 10 ер және 5 әйел командалары қатысады. Сондай-ақ, Катар Мемлекетінен, Болгария Республикасынан, Сербия Республикасынан, Сауд Арабиясы Корольдігінен, Индия Республикасынан, Грек және Италия Республикаларынан келген делегаттар болады.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерлер мен әйелдер командалары оқу мұнарасының төртінші қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілуден, 100 метрлік кедергілер жолағынан өтуден, жауынгерлік қанат жаюдан және 4-тен 100 метрге дейінгі өрт эстафетасынан жарысады.
Әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты 2021 жылғы 2 қыркүйекте сағат 18:30-да Қарағанды қаласының «Шахтер» орталық стадионында (Қазақстан көшесі, 1) өтеді.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі