
19 наурызда және 20 наурызына қараған түні құтқарушылар «Үшарал-Достық» автожолында екі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Көмек көрсету қажеттілігі туралы бірінші хабарлама Алматы облысының ТЖД-ға 19 наурыз күні таңғы сағат 8.55-те келіп түсті, онда «Үшарал-Достық» автожолының «Ырғайты» учаскесінде 4 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды, сол жерден құтқарушылар 7 адамды, оның ішінде 5 баланы қауіпсіз орынға эвакуациялады.
Екінші шақыру 20 наурызда түнгі сағат 00.52-де келіп түсті, сол трассаның 98 шақырымында бір жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды, салонда 1 ересек адам болды. Сағат 3.00-де Алакөл өңірінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары күшімен ер адам қауіпсіз жерге жеткізілді.
Құтқарылғандардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж емес еді.
Естеріңізге сала кетейік, ауа райының нашарлауына байланысты (қатты боран, бұрқасын) республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» автожолында (84-тен 184-ші шақырымына дейін) 19 наурыз күні сағат 9.30-дан бастап барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жабылды.
Алматы облысының ТЖД азаматтардан осы бағытта жол жүруден бас тартуын және 112 қызметі беретін СМС хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Алыс жолға шыққан кезде ауа-райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүруіңіз қажет.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі