
Басқан жері сықырлап келіп қалды демекші, міне қыс мезгілі де келіп қалды. Ақ мамығымен ерекшеленетін бұл мезгілдің өзіндік ерекшеліктері баршылық. Солардың ең бастысы боран соғып, қар кептелуі сияқты табиғи құбылыстар. Қар кептелуі мен боранның қаупі – жолдар мен ғимараттардың қармен кептеліп қалуымен сипатталады. Кептелудің биіктігі 1м, ал таулы аумақтарда 5-6 м жетуі мүмкін. Бұл кезде жолдардағы көру қашықтығы 20-50 метрге дейін қысқарып, шатырлардың бұзылуы, электр және байланыс сымдарының үзілуі байқалады. Қар кептелуі мен боранға төмендегідей дайындалған абзал:
Егер сіз қатты боран туралы ескерту алсаңыз, есік-терезелерді, шатырдағы люкті, желдету тетіктерін мықтап жапқан дұрыс. Екі күндік су, тамақ және дәрі-дірмек қорын, автономиялық жарықтандыру құралдарын (фонарь, керосин және май шамдары), батареялық радиоқабылдағыш дайындап қою керек. Теледидарды және радиоқабылдағышты қосып қойыңыз, себебі жаңа қажетті ақпарат берілуі мүмкін.
Қатты боран кезінде жасалатын іс-қимыл:
Үйден тек ерекше жағдайда шығуға болады. Жалғыз шығуға болмайды. Жанұя мүшелеріне, көршілеріңізге қайда кеткеніңізді, қашан оралатыныңызды айтып кетіңіз. Көлікпен тек үлкен жолдар мен магистральдарда қозғалуға болады. Көліктен шыққанда көру қашықтығынан ұзамаңыз. Жолда тоқтап қалғанда дабыл сигналын басыңыз. Көліктегі авариялық сигналды қосып, антеннаға ашық түсті матаны байлап қойыңыз және көмекті тек көліктің ішінде күтіңіз. Көлікті оталдырып қойып, көміртегі тотығынан уланып қалмас үшін терезені сәл ашып қойыңыз.
Егер сіз елді мекеннен сырт жерде жаяу бағдар жоғалтып алсаңыз, бірінші кезіккен үйге кіріп, өзіңіздің қай жерде екеніңізді біліп, боранның басылғанын күтіңіз. Егер сіздің күш-қуатыңыз таусылса, баспана немесе ық жер тауып, сол жерде қалыңыз. Бөтен адамдармен кездескенде сақ болыңыз, себебі осындай табиғат апаттары кезінде көліктерді, үйлер мен ғимараттарды тонау саны күрт өсіп кетеді.
Егер сіз қатты қар кептелуінде қалып, ғимаратта оқшауланып қалсаңыз, үрейленбей өз бетіңізше ғимараттан шығу жолын қарастырып көріңіз. Егер өз бетіңізше шыға алмасаңыз құтқару қызметіне хабарлдасыңыз (112).
Үсіп қалған кездегі алғашқы көмек:
Үсік шалған кезде жылы бөлмеге кіріп, үсіп қалған жерді кебу әрі жұқа матамен уқалап, жылы суға салыңыз және судың температурасын ақырындап 40- 45 градусқа дейін көтеріңіз. Егер ауырғаны кетіп, сезімталдық сезіле бастаса, қолды немесе аяқты кептіріп сүртіп, шұлық немесе қолғап киіңіз. Парацетамол дәрісін қабылдап, ыстық шай ішкен дұрыс.
Есіңізде болсын, үсіп қалған жерді спиртпен немесе қармен ысқылауға болмайды, терінің зақымдануы немесе инфекция түсуі мүмкін. Үсік шалғанда мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгінген абзал.
Құрметті жерлестер, сақтықта қорлық жоқ демекші, ауа-райының қолайсыз, боранды, аяз күндері өміріңізді қауіп-қатерге тікпей, тиісті органдардың хабарламаларына құлақ асуларыңызды сұраймыз. Төтенше жағдайлар орын алған кезде тәртіпті сақтау, өзіңізді саналы ұстау мен қарапайым техника қауіпсіздігі қағидаларын орындау – сіз бен біздің амандығымыздың кепілі.
Е. Ақсамбаев
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің филиалы
Жетісу Алатау аумақтық пайдалану басқармасының
Қапал өндірістік пайдалану бөлімінің басшысы.