
Бүгін Қазақстанның төтенше жағдайдың алдын алу және жою жүйесінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Осыдан тура 25 жыл бұрын 1995 жылғы 19 қазанда еліміздің Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды – бұл күн азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күніне айналды.
Тәуелсіздік жылдарында азаматтық қорғау жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру шеңберінде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет Төтенше жағдайлар комитеті, содан кейін Агенттік, 2004 жылы Министрлік болып қайта құрылды. 2014 жылдың тамызынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңде Министрліктің бөлімшелері Ішкі істер министрлігінің құрамына кіріп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті болып қайта құрылды.
Табиғи және техногенді апаттар санының артуын ескере отырып, биылғы жылы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды.
Жылдан жылға біздің республикамыздың, облысымыздың аумағында техногендік, экологиялық, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар орын алуда: оның салдарынан адамдар зардап шегіп, үлкен материалдық шығын келтірілуде. Сондықтан халықты және ұлттық игіліктерді төтенше жағдайдан, авариялардан, апаттар мен басқа да дүлей зілзалалардың салдарларынан қорғау маңызды мемлекеттік функция болып табылады.
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшесі бола отырып, азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау, халықты және аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау, өрттердің алдын алуды және сөндіруді, су объектілеріндегі адамдардың қауіпсіздігін ұйымдастыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда Департаментте авариялық-құтқару жұмыстарының кең спектрін жүзеге асыратын 1102 қызметкер қызмет атқарады.
Өткен жылдар ішінде төтенше жағдайға ден қою жүйесі қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтті, республиканың ұлттық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Төтенше жағдайға ден қоюдың жедел және ұтқыр жүйесін жаңғырту жүргізілуде, халықты ақпараттандыру және хабардар етудің заманауи әдістері енгізілуде. Төтенше жағдайлар бөлімшелерін заманауи техникамен және жабдықтармен материалдық-техникалық жарақтандыру нығайтылуда, соның арқасында біздің мамандарымыздың іс-қимылдарының тиімділігі жылдан жылға артуда. Қызметтердің техникалық жарақтандырылу деңгейі, қызметкерлердің кәсіби біліктілігі өсуде, іс-қимылдардың жеделдігі мен үйлестірілуі арту үстінде. Біздің құтқарушылар қиын жағдайға тап болған азаматтарға әрқашан көмекке келуге дайын. Қызметкерлердің құзыреттілігі арқасында көптеген адамдардың өмірін құтқаруға және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмысты жемісті атқаруға қол жеткізілді.
Сондықтан төтенше жағдайлар жүйесінде қызмет ететін адамдар төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік жүйенің ең үлкен құндылығы болып табылады.
Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін дамытуға бұдан әрі де тиімді қызмет етуге септігін тигізе берсін.
Құтқарушылардың кәсіби мерекесімен құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Сіздерге зор денсаулық және амандық, Отанымыздың игілігі жолындағы қызметте жаңа табыстар тілеймін!