Ақтөбе облысында суға шомылу маусымы басталды

Ақтөбе облысында суға шомылу маусымы басталды

Бүгін, жаз мезгілінің алғашқы күнінде Ақтөбе облысында суға шомылу маусымы ресми түрде басталды.

Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесі аясында Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті Ақтөбе су қоймасында жаңа «BarBQ» тегін коммуналдық жағажайының суға шомылу маусымына дайындығын тексерді.

Аталмыш шарада ТЖ инспекторлары өрт қауіпті және суға шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері мен құтқарушылар демалушылардың суға батып кету кезінде құтқару шарасы мен алғашқы медициналық көмектің қалай дұрыс жасалу керектігін көрсетті.

Жалпы ағымдағы жылы облыс бойынша 62 жағажай өз жұмысын бастады (Ақтөбе қ. - 13, аудандарда - 49), оның 13-і коммерциялық, 48-і коммуналдық және 1 аквапарк.

ТЖ Департаментімен 26-31 мамыр аралығында әкімдіктер коммуналдық жағажайлардағы кезекшілікке тарта алатын 143 жасақ-құтқарушы арнайы оқудан өтті.

Күн көзі жылынғалы бері облыс су айдындарында тыйым салынған орындарда шомылған 7 адам, оның ішінде 3 бала суға батып кетті.

Сондықтан халыққа тек жағажайларда шомылуға кеңес беріледі, яғни сүңгуірлік тексеру жүргізілген, құтқарушылар мен дәрігерлер бар, бір сөзбен айтқанда қауіпсіздік қамтамасыз етілген. Мас күйінде суға шомылуға тыйым салынады, әсіресе ауа ыстық, су әлі қызып үлгермеген уақытта.
Сондай-ақ балалар қауіпсіздігін де ұмытпай, оларды көзден таса етпеу қажет.

Ақтөбе облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы