Мереке мұражайда атап өтілді

Мереке мұражайда атап өтілді

Дүниежүзілік балаларды қорғау күні қарсаңында құтқарушылар мұражайында “Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ қызметкерлерінің балаларына арналған мерекелік шара өтті. Шара барысында экскурсовод мұражайдағы құнды жәдігерлер мен қазіргі таңда қолданыста тұрған арнайы техникалармен таныстырды. Жүз рет естігеннен, бір рет көрудің тиімділігі тағы да дәлелденгендей болды.

Себебі, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысын өз көздерімен көріп, үлкен шабыт алды. Мысалы, өрт сөндіру машинасының кабинасына мініп, өрт сөндірушінің арнайы киімі мен ауыр каскасын таққаннан кейін бұл жұмыстың ауыртпашылығын сезгендей болды. Бұл экскурсияның мақсаты да сол еді. Яғни, өскелең ұрпақты Отанын сүюге, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, әрі нақты бағыт беру еді.

Шара барысында бүлдіршіндер арасында тәрбиелік - методикалық жұмыстар жүргізілді. Танымдық материалдарды игеру үшін мереке иелері арасында кішігірім викториналық конкурс ұйымдастырылды. Нәтижесінде, достық жеңіске жетті. Себебі, балалардың алғырлығы мен талпыныстары көз қуантып қана қоймай, таңданыс тудырды.

Шара соңында естелікке балаларға түрлі сыйлықтар табысталды. Араларында болашағын осы саламен байланыстырамын деушілер де кездесті. Демек, қызықтыра білу, дұрыс түсіндіре білудің де өз нәтижесі бар екен.

Бала - біздің болашағымыз, көпіріміз. Көпір берік болса, өткелден өту қиын болмас. Сондықтан көпірді дұрыс қалыптастырайық. Балалар аман болсын!!!

Ақтөбе облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ  ММ