Облыстық ТЖ департаментінде салтанатты іс-шара өткізілді

Облыстық ТЖ департаментінде салтанатты іс-шара өткізілді

Бүгін Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, мемлекетіміздің айбынды мерекесі – Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Шараға Департаменттің жеке құрамы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Т. Айтқұлов, Өңірлік оқу орталығының қызметкерлері мен төтенше жағдайлар органдарының зейнеткерлері қатысты.

Департамент бастығы азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаев құттықтау сөзін сөйлеп, қызметтік міндеттерін адал орындағаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ТЖ Министрі генерал-майоры Ильин Юрий Викторовичтің бұйрығына сәйкес Ақтөбе облысының ТЖД бастығының орынбасары подполковник Қасым Қайрат Жарылқасынұлына Басшы құрамның кезекті «полковник» әскери атағын, Қарғалы ауданы ТЖ бөлімінің бастығы азаматтық қорғау капитаны Қарқұлов Аслан Асылбекұлына мерзімінен бұрын «азаматтық қорғау майоры» арнайы атағын, Штаб (топ құқығында) бас маманы Оралбаев Нұрбек Әмірханұлына кезекті «азаматтық қорғау капитаны» арнайы атағын берді.

Сондай-ақ, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен Хромтау ауданының өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші азаматтық қорғау аға сержанты Аманжол Тургалиевич Жалгасов марапатталады.

Бұдан басқа, Қаржылық қамтамасыз ету, құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту топтарының бас мамандары А.Б. Мусина және Г.К. Нагиметованың мемлекеттік қызметшінің құрметті рәсімдерінің бірі болып табылатын салтанатты ант қабылдауы өтті.

Шара соңында қатысушылар Отан алдындағы борышын адал өткеріп, елге адал қызмет еткен Көкшетау техникалық институтына қарасты Өңірлік оқыту орталығының аға оқытушысы азаматтық қорғау подполковнигі Руслан Байзақұлы Ахметалинді құрметті еңбек демалысына шығарып салды.

Ақтөбе облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы