Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-23) тармақшасына, Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламенті бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі бұйрығының құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
- осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
- осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
- осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
1-қосымша
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрінің
2021 жылғы 17 тамыздағы
№ 405 бұйрығына
«Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламенті
1-тарау. Қолданылу саласы
1. Осы «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламенті (бұдан әрі – Техникалық регламент) Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы», «Техникалық реттеу туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Техникалық регламент өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеудің негізгі ережелерін айқындайды және:
1) өрттердің және олардың қауіпті факторларының, заттар мен материалдардың, сондай-ақ жарылыс-өрт және өрт қауіптілігі бойынша технологиялық орталардың, жарылыс қауіпті және өрт қауіпті аймақтардың, өрт қауіптілігі бойынша құрылыс материалдарының, құрылыс конструкциялары мен өртке қарсы бөгеттердің, электр жабдықтарының, сыртқы қондырғылардың, жарылыс-өрт және өрт қауіптілігі бойынша ғимараттардың, құрылыстар мен үй-жайлардың сыныптамасын белгілейді. Сыныптама осы Техникалық регламентке 1-қосымшада келтірілген;
2) әртүрлі мақсаттағы шаруашылық объектілеріне олардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде, қалалық және ауылдық елді мекендерді жобалау кезінде, ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу кезінде қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарын белгілейді.
3. Осы Техникалық регламенттің ережелері мақсаты мен меншік нысанына қарамастан, күрделі құрылыс объектілерін жобалау, салу, күрделі жөндеу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, функционалдық мақсатын өзгерту, техникалық қызмет көрсету және пайдалану кезінде міндетті түрде орындалуға тиіс.
4. Арнайы мақсаттағы объектілерге, оның ішінде әскери мақсаттағы объектілерге, радиоактивті және жарылғыш заттар мен материалдарды қайта өңдеу және сақтау объектілеріне, химиялық қару мен жару құралдарын жою және сақтау объектілеріне, жерүсті ғарыш объектілері мен ұшыру кешендеріне, тау-кен қазбалары объектілеріне қатысты осы Техникалық регламентпен қатар Қазақстан Республикасының ведомстволық нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптары сақталуға тиіс.
2-тарау. Терминдер мен анықтамалар
5. Осы Техникалық регламентте мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) адамдарды эвакуациялаудың есептік уақыты – адамдарға өрт туралы хабарланған сәттен бастап ғимараттан, құрылыстан эвакуациялау жолдарының көлемдік-жоспарлау және конструктивтік шешімдері белгіленген кезде адамдарды өрттің қауіпті факторлары жоқ аймаққа эвакуациялауды аяқтағанға дейінгі уақыт аралығы;
2) авариялық шығу – эвакуациялау жолына, тікелей сыртқа немесе өрттің қауіпті факторлары жоқ аймаққа апаратын, адамдарды құтқару үшін қосымша шығу ретінде пайдаланылатын, бірақ өрт кезінде адамдарды қауіпсіз эвакуациялау жағдайларына қажетті эвакуациялау жолдары мен шығу орындарының санын және өлшемдерін бағалау кезінде есепке алынбайтын шығу (есік, люк);
3) автоматты автомобильге май құю станциясы – технологиялық жүйесі көлік құралдарына сұйық мотор отынын құюға арналған және резервуарлардың жер астында орналасуымен әрі мұнай өнімдерін оператордың қатысуынсыз автоматтандырылған түрде отын тарату колонкалары арқылы берумен сипатталатын стационарлық автомобильге май құю станциясы;
4) бықсу – жалынсыз жану;
5) ғимараттың биіктігі (эвакуациялау және құтқару үшін) – ғимаратқа ең жақын жүргін бөлігінің бетінен жоғарғы қабаттың (мансарданы қоса алғанда) еден белгісіне дейінгі белгілер айырмасы, бұл ретте жоғарғы техникалық қабат (қабаттар) есепке алынбайды. Еңісті жер учаскелерінде немесе бірнеше жүргін бөлігі бар жерде орналасқан ғимараттың биіктігі жоспарлау белгісінің төменгі деңгейінің немесе жүргін бөлігінің төменгі деңгейінің және жоғарғы қабат едені деңгейінің белгілері арасындағы айырмамен айқындалады;
6) жалынның таралуының (тұтанудың) температуралық шектері – заттың қаныққан буы тотықтырғыш ортада тиісінше жалынның таралуының төменгі (төменгі температуралық шек) және жоғарғы (жоғарғы температуралық шек) концентрациялық шектеріне тең концентрациялар түзетін заттың температуралары;
7) жалынның қалыпты таралу жылдамдығы – жанбаған газға қатысты жалын шебінің оның бетіне перпендикуляр бағытта орын ауыстыру жылдамдығы;
8) жалын таралуының төменгі (жоғарғы) концентрациялық шегі – тұтану көзінен қоспа бойынша кез келген қашықтыққа жалынның таралуы мүмкін болатын, тотықтырғыш ортамен біртекті қоспадағы жанғыш заттың ең аз (ең көп) мөлшері;
9) тұтану – тұтану көзі әсерінен басталған және ол жойылғаннан кейін де жалғасатын заттың жалынмен жануы;
10) жанудың басталуы – тұтану көзінің әсерінен жанудың басталуы;
11) жанып кету жылдамдығы – уақыт бірлігінде аудан бірлігінен жанатын сұйықтық мөлшері;
12) жанғыш орта – тұтану көзі әсер еткен кезде тұтануға қабілетті орта;
13) жанғыштық – заттар мен материалдардың тұтануға, өздігінен жануға және (немесе) бықсуға қабілеті;
14) жылулық өздігінен тұтану жағдайлары – қоршаған ортаның температурасы, заттың (материалдың) мөлшері және оның өздігінен тұтану сәтіне дейінгі уақыт арасындағы эксперименттік жолмен анықталған тәуелділік;
15) заттар мен материалдардың жарылыс-өрт қауіптілігі – олардың физикалық-химиялық қасиеттерімен және (немесе) өрт жағдайларындағы мінез-құлқымен сипатталатын, жанғыш (өрт қауіпті немесе жарылыс қауіпті) орта түзуге заттар мен материалдардың қабілеті;
16) конструкцияның (өртке қарсы бөгеттердің ойықтарын толтырудың) отқа төзімділік шегі – стандартты сынақтар жағдайында оттың әсері басталған сәттен бастап осы конструкция үшін нормаланған шекті жағдайлардың бірінің басталуына дейінгі уақыт аралығы;
17) қажетті эвакуациялау уақыты – өрт пайда болған сәттен бастап адамдар өрттің қауіпті факторларының әсерінен өмірі мен денсаулығына зиян келтірмей, өрттің қауіпті факторлары жоқ аймаққа эвакуациялануға тиіс уақыт;
18) құтқару – адамдардың өміріне (денсаулығына) өрттің қауіпті факторларының әсер ету қаупі болған кезде оларды өрттің қауіпті факторлары жоқ аймаққа жеке немесе топпен ауыстыру процесі, оның ішінде тиісті техникалық құтқару және қорғау құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады;
19) құтқару құралдары (құрылғылары) – адамдарға өрттің қауіпті факторлары және (немесе) олардың ілеспе көріністері әсер етуі мүмкін орындардан адамдардың өздігінен немесе мәжбүрлі түрде орын ауыстыруын қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардан эвакуациялау өрттің қауіпті факторларымен немесе өзге де себептермен бұғатталған жағдайда пайдаланылатын техникалық құралдар;
20) объектінің өрт қауіпсіздігі – өрттің пайда болуы мен дамуының және өрттің қауіпті факторларының адамдарға әсер ету мүмкіндігі белгіленген ықтималдықпен болдырылмайтын, сондай-ақ материалдық құндылықтардың қорғалуы қамтамасыз етілетін объектінің жай-күйі;
21) объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі – объектіде өрттің алдын алуға және одан келетін залалды азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық іс-шаралар мен техникалық құралдар кешені;
22) объектінің өрт қауіптілігі – өрттің пайда болуы мен даму мүмкіндігімен, сондай-ақ өрттің қауіпті факторларының адамдарға және материалдық құндылықтарға әсер етуімен сипатталатын объектінің жай-күйі;
23) өндірістік объектілер – өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы мақсатындағы объектілер, оның ішінде қоймалар, инженерлік және көлік инфрақұрылымының объектілері (теміржол, автомобиль, ішкі су, теңіз, әуе және магистральдық құбыржол көлігі), байланыс объектілері;
24) өрт бөлігі – ықтимал өрттің алаңын шектеу және оны жою үшін жағдай жасау мақсатында өртке қарсы бөгеттермен (қабырғалармен, аймақтармен, жабындармен және негіздемесі болған кезде басқа да бөгеттермен) бөлінген ғимараттың бөлігі;
25) өрт секциясы – өрт қауіпсіздігі жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес өртке қарсы бөгеттермен бөлінген өрт бөлігінің бөлігі;
26) өрт ошағы – өрттің бастапқы пайда болған орны;
27) өрттің пайда болуы – өртке әкелетін процестердің жиынтығы;
28) өрт сөндірудің алғашқы құралдары – өрт дамуының бастапқы кезеңінде өртпен күресу үшін пайдаланылатын өрт сөндіру құралдары;
29) өртке қарсы бөгет – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралы, отқа төзімділіктің нормаланған шегі және өрт қауіптілігінің сыныбы бар құрылыс конструкциясы, ғимараттың көлемдік элементі немесе үй-жайлар, ғимараттар мен құрылыстар арасында өрттің таралуына жол бермеуге арналған өзге де инженерлік-техникалық құрал;
30) өртке қарсы аралық (өртке қарсы қашықтық) – өрттің таралуына жол бермеу үшін ғимараттар және (немесе) құрылыстар арасында белгіленетін нормаланған қашықтық;
31) өрт қауіпсіз аймағы (қауіпсіздік аймағы) – адамдарды өрттің қауіпті факторларынан белгілі бір уақыт ішінде (өрт пайда болған сәттен бастап құтқару жұмыстары аяқталғанға дейін) қорғау үшін өртке қарсы бөгеттермен бөлінген ғимараттың, құрылыстың, өрт бөлігінің бөлігі, онда эвакуациялау мен құтқаруды жүргізу үшін іс-шаралар кешені қамтамасыз етіледі;
32) өрттен қорғау жүйесі – өрттің қауіпті факторларының адамдарға әсер етуіне жол бермеуге және одан келетін материалдық залалды шектеуге бағытталған ұйымдастырушылық іс-шаралар мен техникалық құралдардың жиынтығы;
33) өрттің алдын алу жүйесі – өрттің пайда болу жағдайларын болдырмауға бағытталған ұйымдастырушылық іс-шаралар мен техникалық құралдар кешені;
34) өрттің қауіпті факторлары – әсер етуі адамның жарақаттануына, улануына немесе қаза болуына және (немесе) материалдық залал келтіруге әкелуі мүмкін өрт факторлары;
35) технологиялық орта – технологиялық аппаратта (технологиялық жүйеде) айналымда болатын заттар мен материалдар;
36) түтінге қарсы қорғау жүйесі – ғимараттар мен құрылыстарда адамдарға және материалдық құндылықтарға өрттің қауіпті факторларының әсер етуін болдырмауға немесе шектеуге бағытталған ұйымдастырушылық іс-шаралар, көлемдік-жоспарлау шешімдері, инженерлік жүйелер мен техникалық құралдар кешені;
37) жарқ ету – жанғыш заттың бетінде газ-ауа немесе бу-ауа қоспасының тез жануы, ол қысқа мерзімді көрінетін жарықпен қатар жүреді;
38) тұтану көзі – жанудың пайда болуына бастамашылық ететін энергетикалық әсер ету құралы;
39) тыныс алу және көру органдарын жеке қорғау құралдары – адамдардың қауіпсіздігін және оларды өрттің қауіпті факторларынан, оның ішінде эвакуациялау, өздігінен құтқарылу және құтқару кезінде қорғауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар;
40) эвакуациялау жолы (эвакуациялау жолдары) – адамдардың тікелей сыртқа шығуына апаратын қозғалу және (немесе) орын ауыстыру жолы;
41) эвакуациялық шығу – эвакуациялау жолына немесе тікелей сыртқа шығаратын шығу.