Көкшетауда «Қауіпсіз қала» акциясы өтті

Көкшетауда «Қауіпсіз қала» акциясы өтті

Көкшетау қаласының жағалауында Ақмола облысы ТЖ департаментінің қызметкерлері «Қауіпсіз қала» кең ауқымды профилактикалық акциясын өткізді, – деп хабарлайды Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметі.

Акция аясында тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері, аңшылық және балық аулау маусымындағы судағы қауіпсіздік, көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың түсуіне жол бермеу шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ, балалармен түрлі төтенше жағдайлар бойынша викториналар өткізілді.

Сонымен қатар, акция барысында кадр саясаты қызметкерлері талапкерлер назарына М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау Академиясына оқуға түсу және азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасу туралы ақпаратты жеткізді.

«Іс-шара барысында тұрғындарға өрт техникасы, өрт-техникалық қару-жарақ, сүңгуір-құтқару жабдықтары және Аксель есімді бельгиялық ит пен кинологтың бірлескен жұмысы көрсетілді. Акция ересектердің де, балалардың да ерте бастан әртүрлі төтенше жағдайларда мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізіледі», – деп атап өтті Ақмола облысы ТЖД басқармасының бас маманы Ержан Ғаббас.

Сонымен қатар, құтқарушылар тұрғындарды құтқару тентіне және оған ұқсас заттарға секіру қаупі туралы хабардар етті, өйткені екінші және одан жоғары қабаттардан секіру әртүрлі жарақаттарға, ал бесінші қабаттан және одан жоғары қабаттардан секіру өлімге әкеп соғуы мүмкін.

«Бүгін құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өз жұмыстары туралы айтып, жабдықтарын көрсетті. Бұл өте қызықты және танымдық іс-шара болды. Менің ойымша, бұл балаларды қауіпсіздікті сақтауға тартады», – деп бөлісті қала тұрғыны Гүлназ Рахымжан.

Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметі