Жылы және қауіпсіз: Абай облысында ауқымды акция өтті

Жылы және қауіпсіз: Абай облысында ауқымды акция өтті

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Чингиз Аринов жариялаған «Өрт қауіпсіздігі айлығы» аясында Абай облысында ауқымды акция ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, сондай-ақ 160-тан астам ТЖД қызметкері, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер, әлеуметтік қызметкерлер, блогерлер мен журналистер қатысты.

Акция барысында тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын түсіндіру мақсатында әлеуметтік осал топтардың үйлеріне бару ұйымдастырылды. Бұл санатқа жалғызбасты зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен аз қамтылған азаматтар кіреді.

Рейдтер кезінде көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатылып, мұржаларды тазалау және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды жоюға көмек көрсету жұмыстары жүргізілді.

Осы жылыту маусымы басталғалы бері Абай облысының аумағында 3 мыңнан астам осындай датчик орнатылды. Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану қажеттілігін еске салады.

.