
Өткен жұмада облыс әкімі Н.Т.Ұранхаевтың төрағалығымен 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық және авто-газ құю, газ толтыру және автожанармай құю станцияларында өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелерін қарастыра отырып, Абай облысындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті.
Абай облысы бойынша су басу аймағына ықтимал 38 елді мекен кіреді, онда 10 053 тұрғыны бар 2 775 үй орналасқан.
«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы» шеңберінде барлық жоспарланған 12 іс-шара іске асырылды (2021-4, 2022-4, 2023-4). Жол картасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде барлығы 12 елдімекен, 1 360 тұрғыны бар 508 тұрғын үй қорғалды.
2024 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық бойынша елді мекендерді инженерлік қорғау жоспарына сәйкес 10 іс-шара іске асырылды.
Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары А. Штыкельдің ақпараты бойынша, облыста су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су тасқыны оқиғаларына бейім елді мекендердің тұрғындарымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Халықты хабардар ету мақсатында «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы хабарламалар жіберіледі. Сондай-ақ, жергілікті телеарналарда, әлеуметтік желілерде су тасқыны салдарының алдын алу және қауіпсіздік шаралары туралы мақалалар үнемі жарияланып тұрады.
2024 жылдың көктемгі кезеңіндегі су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында 1247 адам, 495 бірлік техника, 24 жүзу құралы және 144 мотопомпадан тұратын күштер мен құралдар топтамасы құрылды. 18 мың бірлік қаптар, 2 мың тоннадан астам инертті материалдар және 40 тоннаға жуық ЖЖМ дайындалды.
Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық және оның тұрақты өтуі мақсатында, облыс әкімі су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы іске асыру қажеттігін атап өтті, сондай-ақ автожанармай құю және автогаз құю станцияларында өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі