
14.09.2022 жылы сағат 17.22-де "101" кезекші пультіне Дулатов және Елемесов көшелерінің қиылысында үй жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келгенде, тұрғын үй ашық жалынмен жанып жатқаны белгілі болды. Көршілердің айтуынша, үйде екі адам болған. Өрт сөндіруші-құтқарушылар бірден қызыл жалынға оранған үйге кіріп, мүгедек ер адамды алып шықты.
Өрт кезінде зардап шеккендердің бірі далада болған. Ал мүгедек ер адамды оттан өрт сөндіру қызметінің кезекші қызметкері Төленбеков, 2-ӨСБ өрт сөндірушісі Әбілқасымов және бөлімше командирі Хамитов алып шықты. Олар зардап шеккен адамды "103" қызметіне тапсырды.
Сонымен қатар, өрт сөндіруші-құтқарушылар отқа оранған үйден 2 газ баллонын шығарды.
Белгілі болғандай, үйдің шатыры жанып, кіреберіс тобы өртенді. Өрттің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрады. Оқиға орнында 2 автоцистерна және жеке құрамның 7 адамы жұмыс істеді. Қызыл жалын толығымен 18.00-де жойылды.
Өрттің алдын ала себебі - отты абайсыз қолдану.
Абай облыстық ТЖД тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады:
- тез тұтанатын заттардың жанында темекі шегуге болмайды;
- электр сымдарының жарамдылығын бақылау қажет;
- мұржаларды уақытында күйеден тазартуды ұмытпаңыз;
- жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмаңыз, сондай-ақ оларды қадағалауды жас балаларға тапсырмаңыз;
- пешті және газды жылытуды пайдалану кезінде абай болыңыз.
- өрт кезінде "101"нөміріне қоңырау шалыңыз.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ