Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Гүлнар Тойлыбаеваны Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров депутатқа куәлік пен омырауға тағатын белгі табыстады.
Өз сөзінде ол бұған дейін «Әділет» партиясының Саяси кеңесі Бюросының шешімі Орталық сайлау комиссиясына жолданғанына тоқталды. Аталған шешімге сәйкес Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутатының бос мандаты партиялық тізімге енгізілген Гүлнар Тойлыбаеваға берілген.
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 44-бабына сәйкес Құрылтай депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясы оны депутат ретінде тіркеген сәттен басталады. Сіздің мол кәсіби тәжірибеңіз елдегі заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органда тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 14-16 қазан аралығында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша екі республикалық онлайн-семинар өткізді.
Семинарларға өңірлердегі аумақтық сайлау комиссияларының 320 мүшесі және округтік сайлау комиссияларының 3000-нан астам мүшесі қатысты. Оқыту сайлау комиссиялары мүшелерінің алдағы мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізуге дайындығын арттыруға, оларға жүктелген міндеттерді орындау үшін практикалық құзыреттерін дамытуға және сайлау науқанын ұйымдастыру кезіндегі әрекеттердің үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Оқыту барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен аппаратының қызметкерлері сайлау науқанының негізгі бағыттары бойынша тақырыптық дәрістер оқып, практикалық сабақтар өткізді. Қатысушылар сайлауды ұйымдастырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, сайлау комиссияларының міндеттері мен өкілеттіктерін, кандидаттарды ұсыну және тіркеу мәселелерін, сайлауды қаржыландыру, сайлаушылар мен сайлау процесіне қатысушыларды ақпараттандыру, сайлау алдындағы үгіт пен байқауды ұйымдастыру мәселелерін қарастырды.
Практикалық бөлімде сайлау рәсімдерін қолдануға қатысты нақты жағдайлар талданып, алдыңғы сайлау науқандарының тәжірибесі негізінде тапсырмалар орындалды. Сондай-ақ семинар бағдарламасына стрессті басқару жағдайында кәсіби коммуникация дағдыларын дамытуға арналған тренинг енгізілді. Оны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының шақырылған лекторы Шырын Оразбаева өткізді.
Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты түсініктемелер алды. Округтік сайлау комиссияларының жұмысына ерекше назар аударылып, олардың сайлау процесінің тиісті кезеңдерін ұйымдастырудағы рөлі мен жауапкершілігі талқыланды.
Алдағы уақытта республикалық онлайн-семинардың тыңдаушылары алған құзыреттерін қолдана отырып, өз өңірлерінде басқа әріптестерін каскадтық әдіс бойынша оқытатын болады.
Бүгін Астана қаласында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы науқаны аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтті.
Отырысқа саяси партиялардың, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, отырысқа онлайн форматта аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың округтік сайлау комиссияларының басшылығы, сондай-ақ облыс әкімдері аппараттарының басшылары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:
1) Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы және мәслихаттар депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту туралы;
2) Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы;
3) Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлауға саяси партияларды қатысуға жіберу және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды ұсыну тәртібі туралы;
4) Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау науқаны кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы.
Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осы жылы жаңа Конституция бойынша референдум және ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау өтті. Қазіргі уақытта еліміз барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге байланысты кезекті электоралдық кезеңге қадам басып отыр.
«Биыл елімізде сайлау процесіне байланысты бірқатар маңызды іс-шара өткізілді. Жақында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтті. Енді біз мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі сайлау науқанына кірісіп отырмыз. Қазақстан Республикасы Президентінің барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлығына сәйкес сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған тиісті жұмыстар басталады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол өз сөзінде заңға сәйкес мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы олардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалуға тиіс екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы етеді. Мәслихаттар халық тарапынан жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады. Алдағы сайлау шеңберінде 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Атап айтқанда, 668 мандат - 20 облыстық мәслихатта, 626 мандат - 38 қалалық мәслихатта және 2 153 мандат - 170 аудандық мәслихатта қарастырылған», - деді Мұхтар Ерман.
Отырыста Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары таныстырылып, бекітілді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталуға тиіс. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша - тыныштық күні.Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары бес күндік мерзімде белгіленеді.
Нұрлан Әбдіров мәслихат депутаттарының сайлауы бойынша күнтізбелік жоспардың сайлау науқанының кезеңдері мен оларға қатысты сайлау рәсімдерін айқындайтын негізгі құжат болып табылатындығына тоқталды.
Ол күнтізбелік жоспарда көзделген барлық іс-шараның белгіленген мерзімдерде өткізілуі тиіс екенін атап өтіп, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының сайлауына арналған сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді.
Осыған байланысты күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ОСК мүшесі Азамат Айманакумов баяндама жасады. Ол мәслихат депутаттарының сайлау науқаны аясында қолданылатын сайлау құжаттарының 30 нысанын таныстырды.Аталған нысандар сайлау науқанының тиісті кезеңдерінде сайлау комиссиялары жүзеге асыратын сайлау рәсімдерін құжаттамалық ресімдеуге арналған. Олардың қатарында қажетті өтініштердің, хаттамалардың, куәліктердің, тізімдердің және басқа да құжаттардың үлгілері бар.
Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен саяси партиялар заңнамаға сәйкес сайлау процесіне қатысуға құқылы.Күн тәртібіндегі үшінші мәселені қарау барысында ОСК мүшелері мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға келесі саяси партияларды жіберу туралы қаулылар қабылдады: «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы. Сонымен қатар Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясына «Amanat» партиясынан Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыспайтындығы туралы ресми хат келіп түскенін хабарлады.
Ағымдағы сайлау науқанының ерекшелігі - аралас сайлау жүйесінің қолданылуы. Бұл жүйе бойынша сайлауға саяси партиялар да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша кандидаттар да қатыса алады. Осыған байланысты кандидаттар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну тәртібімен де ұсыныла алады. Заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлау жарнасын төлеуге міндетті. Сайлау жарнасын кімдер және қандай мөлшерде төлеуі тиіс, сондай-ақ қандай жағдайларда жарнаның қайтарылатыны туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова баяндады.
Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын өз қаражаты есебінен аударады. Қазіргі уақытта ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшері 425 000 теңгені құрайды. Ал өзін-өзі ұсыну тәртібімен мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған азамат белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, тіркеуге дейін жергілікті атқарушы органдардың шотына дәл осындай мөлшерде сайлау жарнасын енгізеді.
«Сайлау нәтижелері бойынша саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алған жағдайда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген сайлау жарнасы саяси партияға қайтарылады. Сайлау нәтижелері бойынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алған жағдайда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда енгізілген сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджет кірісіне аударылады», - деп хабарлады Әсел Жанәбілова.
Тиісті аумақтық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Ал алдыңғы сайлауда үштен бес пайызға дейінгісін алған саяси партиялар сайлау жарнасын осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мөлшердің елу пайызы көлемінде, бірден үш пайызға дейінгісін алған саяси партиялар сайлау жарнасын осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мөлшердің жетпіс пайызы көлемінде төлейді.
Алдағы сайлау науқанына саяси партиялардың қатысу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова елімізде тіркелген саяси партиялар туралы ақпарат ұсынды.
Отырыста мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңында еліміздің барлық өңіріндегі сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы оқыту семинарларын өткізу мәселесіне ерекше ден қойылды. Осы процесті ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы Орт сайлауком хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады.
«Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын сапалы ұйымдастыру және өткізу сайлау комиссиялары мүшелері мен сайлау процесіне басқа да қатысушылардың өз өкілеттіктерін тиімді орындауына және заңнамада белгіленген сайлау рәсімдерін қатаң сақтауына байланысты. Бұл үшін сайлау заңнамасын жетік білу қажет. Осыған байланысты қысқа мерзім ішінде 86 мыңнан астам сайлау комиссиясының мүшесін, оның ішінде 1 729 аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін, 15 мыңнан астам округтік сайлау комиссиясының мүшесін және 70 мыңға жуық учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін даярлауды қамтамасыз етуіміз керек. Мұндай ауқымды жұмыс сайлау комиссияларының әр деңгейінде заңнама, рәсімдер мен іс-қимыл алгоритмдерін бірыңғай түсінуді қамтамасыз ететін, жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын оқыту жүйесін талап етеді», - деді Шавхат Өтемісов.
ОСК хатшысы оқыту процесі сайлау комиссияларының бір деңгейінен екіншісіне білім мен әдістемелік тәсілдерді кезең-кезеңімен жеткізу қағидаты бойынша ұйымдастырылатындығын атап өтті. Бұл тәсіл сайлау заңнамасын бірыңғай түсінуді және барлық деңгейдегі комиссиялардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталық деңгейде тұрақты онлайн кеңестер мен жиналыстар өткізіліп тұрады. Оның аясында аумақтық сайлау комиссияларының басшылары мен жауапты мүшелеріне жекелеген сайлау рәсімдерін қолдану ерекшеліктері және сайлау науқаны барысында туындайтын практикалық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
«Сайлауды ұйымдастырушыларды өңірлік деңгейде оқытумен қатар, аумақтық сайлау комиссияларына сайлау процесінің өзге де қатысушыларын: саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерін, сенім білдірілген адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін оқыту міндеті қойылған. Оқыту іс-шаралары барысында мәслихат депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің құқықтық негіздері, осы сайлау науқанының ерекшеліктері, сондай-ақ сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі», - деп атап өтті Шавхат Өтемісов.
Оқыту бағдарламасы сайлау заңнамасының нормаларын зерделеумен ғана шектелмей, оларды тәжірибеде қолдануға да бағытталатыны атап өтілді. Сабақтар барысында қалыпты және күтпеген жағдайлар, комиссия мүшелерінің іс-қимыл алгоритмдері, кандидаттармен, сенім білдірілген адамдармен, байқаушылармен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылады. Өңірлерде оқытуды ұйымдастыруды үйлестіру және оның барысын бақылау Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің еліміздің өңірлеріне жасайтын инспекциялық сапарлары аясында жүзеге асырылатын болады.
«Электоралдық оқытуды ұйымдастыруға жауапты тұлғаларға оқытудың сапалы өткізілуін, сайлау процесіне қатысушылардың барынша толық қамтылуын және оқытудың әр кезеңі бойынша белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Сайлау науқаны барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен аппаратының қызметкерлері дәстүрлі түрде еліміздің барлық өңіріне инспекциялық сапарлар жасайды. Осы сапарлар аясында сайлау комиссияларының дайындығы зерделеніп, сайлау процесіне қатысушыларға оқыту жүргізіледі және әдістемелік қолдау көрсетіледі. Сайлау науқанының ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті оқу жоспарларын қабылдап, олардың іске асырылуын ұйымдастыру маңызды», - деп түйіндеді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Отырыс соңында Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерін заңнама талаптарын сақтауға үндеп, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына айтарым - алдағы сайлау науқаны барысында Орталық сайлау комиссиясы сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, сайлау заңнамасының орындалуын бақылайды және оның біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сайлау процесіне қатысушыларға қажетті әдістемелік қолдау көрсетіледі. Ал сайлауды тікелей ұйымдастыру мен өткізуге негізгі жауапкершілік сіздерге жүктеледі. Әрбір шешім мен әрбір рәсім заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Біздің ортақ міндетіміз - сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады. Сондай-ақ ОСК мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
2026 жылғы 13 қазанда сағат 17.00-де Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтеді.
ОСК отырысынан кейін БАҚ өкілдері үшін күн тәртібіндегі мәселелер бойынша брифинг өтеді.
БАҚ-тарды аккредиттеу 13 қазан күні сағат 16.30-ға дейін келесі телефон бойынша: 8 775 607 30 37 жүргізіледі.
Өтетін орны: Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 4, мәжіліс залы, 1-қабат.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 8-9 қазан күндері барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізудің ерекшеліктеріне арналған екі күндік республикалық семинар өткізді.
Іс-шараға астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ қалалар мен аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының тұрақты мүшелері қатысты.
Семинардың басты мақсаты - АСК мүшелерінің сайлау науқаны кезеңінде өз өкілеттіктерін тиімді жүзеге асыруға практикалық дайындығын қамтамасыз ету және төмен тұрған сайлау комиссияларының мүшелерін одан әрі оқытуда бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру.
Семинарды ашқан Ортсайлауком хатшысы Ш. Өтемісов алдағы электоральдық науқан сайлау заңнамасы нормаларын біркелкі түсінуді, комиссиялар жұмысын нақты ұйымдастыруды және барлық сайлау рәсімдерінің сапалы орындалуын талап ететінін атап өтті.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен ОСК аппаратының қызметкерлері тақырыптық дәрістер оқып, тренингтер өткізді. Олар сайлау процесінің негізгі ұйымдастырушылық және практикалық аспектілерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, электоралдық процестерді ұйымдастыру, сайлауды қаржыландыру, сайлау процесіне қатысушыларды ақпараттандыру, сайлау алдындағы үгітті жүргізу және байқау, сондай-ақ сайлау заңнамасын қолдану мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды.
Семинардың едәуір бөлігі практикалық сабақтарға арналды. Оның барысында өткен электоралдық науқандардың нақты кейстері талданды. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауаптар алды.
Семинар бағдарламасында өңірлік тәжірибе алмасуға ерекше ден қойылды. Семинардың екінші күні Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушыларға электоралдық оқыту саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, дауыс беру күні сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша өз тәжірибелерін ұсынды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының лекторы Р. Токатов семинарға қатысушыларға коммуникативтік дағдыларды дамыту бойынша тренинг өткізді.
Бүгін Астана қаласында Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Комиссия Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының Жарлығымен Орталық сайлау комиссиясының мүшелері болып Азамат Айманакумов, Михаил Бортник, Мұхтар Ерман, Әсел Жанәбілова, Ләззат Сүйіндік және Шавхат Өтемісов тағайындалғанын атап өтті.
Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасарын, сондай-ақ Комиссия хатшысын сайлау өтті. Комиссия мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен ОСК Төрағасының орынбасары болып Мұхтар Ерман, ал хатшысы болып Шавхат Өтемісов сайланды.
Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының алдында тұрған міндеттерді айқындап, оларды жедел әрі сапалы орындау қажеттігіне тоқталды.
Қазақстаннан барған 32 өкіл халықаралық байқаушылар ретінде Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының IX шақырылым депутаттарын сайлауды байқауға қатысты. Сайлау биылғы 18-20 қыркүйек аралығында өтті.
Делегация құрамына Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының шақыруымен, сондай-ақ ТМД және ШЫҰ байқаушылар миссиялары аясында Ресейге барған байқаушылар кірді. Олар Мәскеу, Мәскеу облысы, Санкт-Петербург, Қазан және Екатеринбург қалаларында жұмыс жүргізді.
18 қыркүйекте Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Элла Памфиловамен кездесті. Кездесуде сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығы талқыланды. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров Элла Памфиловаға Қазақстандағы Құрылтай сайлауына халықаралық байқаушы ретінде қатысқаны және оның қорытындысы бойынша Ресей байқаушыларының сайлау процесін ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға бергені үшін алғыс білдірді.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасына сайлауды халықаралық байқау аясында сол күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова Мәскеу қаласындағы №1390, №3478 және №1640 сайлау учаскелеріне барып, сайлау процесінің ұйымдастырылуымен, электрондық дауыс берудің ерекшеліктерімен, сондай-ақ қашықтан электрондық дауыс беру жүйесінің жұмысымен танысты.
Сондай-ақ осы күні Нұрлан Әбдіров Ресей Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған «Тұрақсыздық кезеңіндегі сайлау» атты халықаралық конференцияға қатысып, «2026 жылғы Қазақстандағы конституциялық реформа аясындағы электоралдық науқандар» тақырыбында баяндама жасады.
Конференция жұмысына ТМД, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін қоса алғанда, ондаған мемлекеттің делегация басшылары қатысты. Іс-шараның негізгі тақырыбы сыртқы факторлар мен хакерлік шабуылдар жағдайында сайлау процесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығы болды.
Қазақстан ОСК Төрағасы конференцияға қатысушыларға Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы айтып берді. Оның аясында биыл жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум және Құрылтай сайлауы өтті. Нұрлан Әбдіров Негізгі заң бойынша референдум мен елдің жоғары өкілді органына сайлаудың екі бөлек науқан емес, бірыңғай конституциялық процестің бірізді кезеңдері болғанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы үшін басты тұлға – сайлаушы. Сайлау органдарының бүкіл жүйесі соған қызмет етеді. Биыл біз тағы бір маңызды қадам жасадық. Заңнамаға енгізілген өзгерістер алғаш рет үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдарда және вахталық кенттерде тікелей сайлау учаскелерін құруға мүмкіндік берді. Адам өндірістегі ауысымы мен өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырудың бірін таңдамауы тиіс. Егер сайлаушының сайлауға келуі қиын болса, заң мүмкіндік берген жағдайда, сайлау сайлаушыға баруы керек. Сайлау процесінің ашықтығы да біз үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді. Ұлттық байқаушылармен қатар, референдум мен Құрылтай сайлауына халықаралық байқаушылар да үлкен қызығушылық танытты. Шетелдік әріптестер оларды өткізудің жоғары ұйымдастырушылық деңгейін, рәсімдердің нақтылығын, цифрлық шешімдерді және сайлаушыларға жасалған қолайлы жағдайларды атап өтті. Кәсібилігі мен объективтілік үшін баршаңызға алғыс білдіреміз», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Сондай-ақ конференция аясында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Беларусь Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенкомен екіжақты кездесу өткізді.
Дауыс берудің екінші күні - 19 қыркүйекте Нұрлан Әбдіров Мәскеу қаласындағы сайлау учаскелеріне баруды жалғастырып, сайлауды байқау жөніндегі Қоғамдық штабтың қызметімен танысты.
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Пәкістанның бас сайлау комиссары Сикандар Сұлтан Раджамен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар тарихи Құрылтай сайлауының қорытындыларын талқылады. Сонымен қатар өзара қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және өзара түсіністік туралы екіжақты меморандумға қол қою мәселелері қаралды.
Нұрлан Әбдіров Иорданияның Тәуелсіз сайлау комиссиясының төрағасы Муса Хабес әл-Маайтамен және Мальдивтің Сайлау комиссиясының төрағасы Мохамед Шакильмен кездесулерінде де ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады.
Қазақстан ОСК басшысы әріптестеріне биыл тамыз айында өткен Құрылтай сайлауын байқауға өз елдерінің өкілдері белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров “Выборы в Казахстане: кратко и по сути” кітабының екінші басылымын табыстады.
Сонымен қатар ақпараттық-ғылыми өзара іс-қимылды кеңейту мақсатында аталған кітаптың екінші басылымы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» жаңартылған Конституциялық заңға түсіндірме еңбегінің екінші басылымы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің, Ресей Ғылым академиясының, сондай-ақ Ресей мемлекеттік кітапханасының қорларына сыйға тартылды.
Дауыс берудің соңғы күні – 20 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Мәскеу облысының Хотьково қаласындағы №2808 және №4064, Сергиев Посад қаласындағы №2762, сондай-ақ Мәскеудегі №839 сайлау учаскелеріне барды.
Өткен сайлаудың қорытындысы бойынша 21 қыркүйекте Нұрлан Әбдіров шет мемлекеттердің орталық сайлау органдары басшыларының брифингіне қатысты. Өз мәлімдемесінде ол сайлау процесін ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтіп, өзі барған учаскелерде заң бұзушылықтардың анықталмағанын айтты.
Қазақстан ОСК басшысы жастардың сайлау процесіне белсенді тартылғанына да назар аударды. Атап айтқанда, алғаш рет дауыс берген жастардың, сондай-ақ сайлауды ұйымдастыруға қатысқан волонтерлердің белсенділігіне тоқталды. Сонымен бірге дауыс беру үшін сайлау учаскелерінде кезекте тұрған азаматтардың көп болғанын атап өтті. Нұрлан Әбдіровтің пікірінше, бұл сайлаушылардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Айта кетейік, дауыс беру күндері ТМД миссиясы құрамында халықаралық байқаушы ретінде Қазан қаласында Қазақстан ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, ал Мәскеуде ОСК мүшесі Михаил Бортник жұмыс істеді. Сондай-ақ Мәскеу қаласында ШЫҰ миссиясы құрамында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов сайлауды байқауға қатысты. Бұдан бөлек, Санкт-Петербург қаласында сайлау барысын байқауға Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ еліміздің бірқатар аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Қазақстандық байқаушылардың халықаралық байқауға қатысуы өзге елдердің тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ азаматтардың электоралдық мәдениетін дамытуға және сайлаушылардың өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлемде қолданылатын әдістемелер мен құралдарды талдау тұрғысынан маңызды.
АНЫҚТАМА
Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының IX шақырылым депутаттарын сайлауда 5 жыл мерзімге 450 депутат сайланды. Оның 225 мандаты федералдық партиялық тізімдер бойынша, тағы 225 мандат бірмандатты округтер бойынша бөлінді. 33 өңір онлайн дауыс беруге қатысты. Сонымен бірге сайлаудың әртүрлі деңгейдегі науқандары, оның ішінде субъектілер басшыларын және өңірлік парламенттерді сайлау өткізілді.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының XV отырысы өтті.
Отырысқа саяси партиялардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының халықаралық байқаушылары қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференцбайланыс режимінде астана, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды. Отырыс Интернет-ресурс және YouTube арқылы сурдоаудармамен қамтамасыз етіле отырып, тікелей эфирде көрсетілді.
Күн тәртібіне сәйкес «2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын белгілеу және сайлаудағы дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды бөлу туралы» мәселе қаралды.
Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров нақтыланған тізімге сәйкес сайлаушылардың жалпы саны 12 623 289 адамды құрағанын атап өтті. Дауыс беру күні азаматтардың өтініштері бойынша, сондай-ақ сайлау учаскелеріндегі тіркеу туралы мәліметтерді тексеру және азаматтарды учаскелердің мекенжайлары бойынша 1 тәулікке уақытша тіркеу жөніндегі онлайн-сервистер арқылы 17 501 адамға дауыс беру мүмкіндігі берілді. Сайлауға барлығы 9 351 539 адам қатысты, бұл тізімге енгізілген барлық сайлаушы санының 74,08%-ын құрайды.
Айта кетейік, 15 наурызда өткен референдум науқанымен салыстырғанда, осы сайлауда дауыс берген сайлаушылар саны 224 357 адамға артты. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бұл көрсеткіш халықтың электоралдық мәдениет деңгейінің өскенін көрсететінін атап өтті.
Сонымен қатар, 85 576 адам үйден дауыс берді, ал есептен шығару куәлігін алған азаматтардың 88%-ы дауыс берді.
Бюллетеньдерді санау қорытындысы бойынша сайлаушылардың дауыстары төмендегідей бөлінді:
«Әділет» партиясы - 6 528 948 дауыс немесе 71,17%;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 469 058 дауыс немесе 5,11%;
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы - 97 751 дауыс немесе 1,07%;
Қазақстан Халық партиясы - 285 395 дауыс немесе 3,11%;
«Ауыл» партиясы - 574 621 дауыс немесе 6,26%;
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 478 083 дауыс немесе 5,21%;
«Respublica» партиясы - 509 631 дауыс немесе 5,56%;
«Бәріне қарсымын» - 230 446 дауыс немесе 2,51%.
ОСК Төрағасы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын жинаған бес саяси партия арасында депутаттық мандаттар бөлінетінін атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының 145 мандаты төмендегідей бөлінді:
«Әділет» партиясы - 110 мандат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 8 мандат;
«Ауыл» партиясы - 10 мандат;
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 8 мандат;
«Respublica» партиясы - 9 мандат.
ОСК басшысы саяси партиялардың өкілдерінің назарын депутаттық мандаттардың партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасында бөлінуі тиіс екеніне аударды. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық жиынтық квотаны көздейтін конституциялық заң талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.
«Құрылтай сайлауы жалпыұлттық қолдауға ие болған конституциялық реформаның қорытындысы бойынша жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, сайлау науқаны белсенді әрі еркін жағдайда өтті. Азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың еркін ерік білдіруі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Халықаралық байқаушылар сайлау органдарының сайлаушыларды ақпараттандыру бойынша ауқымды әрі инклюзивті науқан өткізуін, сайлауға тиімді дайындық жүргізуін және дауыс беру күнін ұйымдастыруын да жоғары бағалады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауды өткізу барысында еліміз бойынша учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің атқарған зор рөлін де атап өтті. Бұл жұмысқа 247 аумақтық және 10 423 учаскелік сайлау комиссиясы тартылды. Олардың құрамына 71 мыңнан астам комиссия мүшесі кірді. Бұл ретте олардың 1%-дан азы ғана сайлау комиссияларында тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясы комиссия мүшелерін, байқаушыларды, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін оқыту үдерісіне үлкен мән береді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сайлау заңнама талаптарына толық сәйкес өткізілді.
«Сайлау науқанының барлық кезеңі сайлау процесін ұйымдастырудағы негізгі қағидаға айналған «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде ұйымдастырылды. Дауыс беру күні сайлау рәсімдеріне 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 777 байқаушы байқау жүргізді. Сайлау учаскелерінде сайлау барысын жариялаған шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болды. Оның ішінде қазақстандық БАҚ-тың 1 852 өкілі және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 117 журналисі қатысты. Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге атсалысқан баршаңызға алғысымды білдіремін», - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
Отырыстан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті. Брифинг барысында олар журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.
Астанада Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының жұмыс отырысы өтті. Кездесу Қазақстандағы конституциялық дамудың жаңа кезеңі аясында өтіп, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан арасындағы тәжірибе алмасуға және сайлау процесінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікір алмасу алаңына айналды.
Отырысты ашқан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысушыларды жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелерімен таныстырып, алдағы сайлаудың тарихи маңызына тоқталды.
Ол жаңа Құрылтайдың қалыптасуы жаңартылған өкілді билік жүйесінің жұмысын бастауын білдіретінін және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуға бағытталған жаңа конституциялық модельді іске асырудың маңызды кезеңі болып табылатынын атап өтті.
Отырыста «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің сайлау жүйелері» атты ағылшын тіліндегі ұжымдық жинақтың таныстырылымы өтті.
Басылымды әзірлеу туралы шешім 2025 жылғы 28 қарашада Бішкек қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының жұмыс отырысында, Қазақстан Республикасының ТМҰ-ға 2025-2027 жылдардағы төрағалығы кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарын талқылау барысында қабылданған болатын.
Жинақ Платформа қызметінің практикалық нәтижелерінің бірі әрі ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының бірлескен ғылыми және сараптамалық жұмысының жалғасы болып табылады.
«Бұл бірегей басылымда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстандағы сайлауды ұйымдастырудың ұлттық модельдерінің ерекшеліктері, сайлау процесінің құқықтық реттелуі және сайлау органдарының қызметі туралы материалдар қамтылған. Алғаш рет ТМҰ мүше бес мемлекеттің сайлау жүйелері бірыңғай форматта ұсынылып отыр. Басылым одан әрі кәсіби өзара іс-қимылды дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуды кеңейтуге және ұлттық тәжірибені өзара зерделеуге арналған практикалық құралға айналады деп сенемін. Сондай-ақ ол сайлау жүйелерін жетілдірудің заманауи тәсілдерін әзірлеуге ықпал етеді», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Отырыс барысында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары баяндама жасап, сайлау процестерін ұйымдастырудағы ұлттық тәжірибелерімен бөлісті.
Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазаир Панахов Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру жөніндегі аса маңызды әрі өзекті бастамасы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров аталған жинақтың әлеуетіне тоқталды. Ол жинақты түпкілікті нәтиже ретінде емес, одан әрі кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және сайлау процестерінің дамуының заманауи үрдістерін бірлесіп зерделеуге арналған негіз ретінде қарастыратынын атап өтті.
Өз кезегінде Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта атқарылып жатқан жұмысты жоғары бағалайтынын айтып, Консультативтік платформа жанындағы дипфейктердің сайлау процесіне ықпалы мәселелері жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне тоқталды.
Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев өз кезегінде ұсынылған монографияның кешенді тәсіл, авторлар құрамының әр түрлілігі, тақырыптардың өзектілігі және практикалық маңыздылығы секілді артықшылықтарын атап өтті.
ТМҰ кеңістігінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен қол жеткізілген нәтижелердің кеңінен талқыланып отырғаны атап өтілді. Осы тұрғыда сайлау органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету, кәсіби диалогты кеңейту және сайлауды өткізудің заманауи тәсілдерін дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Сайлау кезеңіндегі дипфейктерге қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасы жанындағы дипфейктердің сайлау процесіне ықпалы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ләззат Сүйіндік «Сайлау саласында дипфейктерді пайдалануға байланысты тәуекелдердің алдын алу және оларды барынша азайту қағидаттары» жобасын таныстырды.
Құжат ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары өкілдерінің бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша әзірленді және сайлау ақпаратының шынайылығын қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығы, жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау, қоғамды ақпараттандыру және құзыретті органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерін айқындайтын сегіз қағидатты қамтиды.
«Технологиялардың дамуы сайлау органдарынан тек жаңа ден қою құралдарын ғана емес, сайлаудың ақпараттық ортасын қорғауға бағытталған үйлестірілген тәсілдерді де талап етеді. Жасанды интеллект санаулы минуттардың ішінде адамның дауысын, келбетін немесе айтқан сөздерін бұрмалауы мүмкін. Алайда ол фактілерді бұрмаламауы тиіс. Ақпараттың шынайылығын қорғай отырып, біз азаматтардың сайлауға деген сенімін қорғаймыз», - деген Ләззат Сүйіндік аталған құжаттың өзектілігіне тоқталды.
Айта кетейік, жоба бойынша жұмыс 2026 жылғы сәуірде Жұмыс тобының алғашқы отырысы аясында басталды. Мемлекеттер өкілдері практикалық тәжірибелерімен алмасып, тиісті органдардың ұлттық заңнамасы мен өкілеттіктерін ескере отырып қолдануға болатын ортақ бағдарларды қалыптастырды.
Отырыс барысында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев жасанды интеллектінің дамуы сайлау органдарынан жекелеген жағдайларға ден қоюдан жүйелі бірлескен жұмысқа көшуді талап ететінін атап өтті.
«Бүгінде жасанды интеллект ақпаратты тарату тәсілдерін ғана емес, сайлау жүйелері тап болатын сын-қатерлердің сипатын да өзгертіп отыр. Дипфейктер кандидаттар мен қоғамдық процестерді қабылдауға ықпал ете алады, демек, сайлауға деген сенімге тікелей әсер етеді. Сондықтан біз үшін туындаған қауіптерге ден қоюмен шектелмей, оларды ерте анықтау, ақпаратпен жедел алмасу және бірлесіп жұмыс жасау аса маңызды. Консультативтік платформаның жұмыс тобын құру осы бағыттағы маңызды қадам болды. Ұлттық тәжірибені біріктіре отырып, ақпараттық қауіпсіздік, пікір білдіру еркіндігі және азаматтардың шынайы ақпаратқа құқығы арасындағы іргелі тепе-теңдікті сақтай отырып, жаңа ақпараттық қатерлерге қарсы іс-қимылдың ортақ кәсіби тәсілдерін қалыптастыра аламыз», - деп қорытындылады Нуру Гулиев.
Осы орайда, ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Жұмыс тобының мүшелерін практикалық тәсілдер мен ұсыныстар алмасуды жалғастыруға шақырды. Ол қатысушыларға ұлттық тәжірибе мен жаңа технологиялық сын-қатерлерді ескере отырып, құжатты одан әрі дамыту жөнінде өз ұсыныстары мен бастамаларын енгізуді ұсынды.
Өз кезегінде Өзбекстан ОСК төрағасы Зайниддин Низамходжаев сайлау кезеңінде дипфейктерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымы аясында сайлауда дипфейктерді анықтау және оларды пайдаланудың алдын алу бойынша халықаралық ұсынымдар мен стандарттар әзірлеу, сайлау органдары қызметкерлеріне арналған мамандандырылған семинарлар мен тренингтер өткізу, технологиялық компаниялармен және жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ дипфейктер анықталған жағдайда ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру платформасын құру ұсыныстар көзделген.
Анықтама үшін
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласында өткен ТМҰ-ның X мерейтойлық саммиті барысында көтерді.
Консультативтік платформаны құру туралы ұсынысты түркі мемлекеттерінің басшылары бірауыздан қолдап, ол 2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.
Платформаның алғашқы отырысы 2025 жылғы мамырда Түркістан қаласында өтті. Отырыста Платформа туралы ережеге қол қойылды. 2025 жылғы мамырдан бастап екі жыл бойы Қазақстан Республикасы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасына төрағалық етуде.
Бүгін Астана қаласында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды өткізу шеңберінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, саяси партиялар, ЕҚЫҰ ДИАҚБ және ТМД атынан халықаралық байқаушылар, бейнеконференциялық байланыс арқылы астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыс әкімі аппараттарының басшылары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауды өткізуге дайындық аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Ол маңызды бағыттардың бірі ретінде сайлау комиссияларының мүшелерін, сондай-ақ сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытудың маңыздылығына тоқталды.
Осы бағыттағы Орталық сайлау комиссиясының қызметі туралы ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады. Ол Орталық сайлау комиссиясының сайлау процесіне қатысушыларды каскадты оқытудың көпдеңгейлі жүйесін қалыптастырғанын атап өтті.
«Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесінің қатысуымен 7 мыңнан астам оқыту семинары өткізілді. Бағдарлама теориялық және практикалық дайындықты, оның ішінде дауыс беру күні орын алуы мүмкін нақты жағдайларды талдауды қамтыды. Алынған білімді және комиссиялардың дайындығын бағалау ОСК мүшелерінің өңірлерге жұмыс сапарлары барысында жүргізілді» - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.
Оқыту «Тренер тренерді оқытады» қағидаты бойынша офлайн және онлайн форматтарда жүргізілді. Өңірлер үшін оқу-әдістемелік кешен мен анимациялық оқыту фильмі әзірленіп, жолданды. Аталған материалдар оқу процесінде пайдаланылуда.
Сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқыту маңызды бағыттардың бірі болды. Бұл оқытуға 23 мыңнан астам адам қамтылды. Олардың қатарында саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Отырыс барысында аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары өңірлердегі сайлау учаскелерінің саны мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы, мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштардың жабдықталуы және учаскелердің қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілуі туралы баяндады. Сонымен қатар, сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орны, сайлау учаскелерінің мекенжайлары көрсетілген дербес шақырулардың табысталғаны және дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерінің саны туралы хабарлады. Қазіргі уақытта дауыс беру бюллетеньдері белгіленген мөлшерде учаскелік сайлау комиссияларына жеткізіліп, күзетке алынғаны атап өтілді. Осылайша, аумақтық сайлау комиссияларының ақпаратына сәйкес, еліміздегі сайлау учаскелері Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беруді өткізуге дайын.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік алдағы күндері сақталуы тиіс негізгі ережелер туралы баяндады.
22 тамыз - тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру күнінде сайлау алдындағы үгітке тыйым салынған. Бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары, соның ішінде интернеттегі материалдар, бұрынғы орындарында қала береді. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты беттерінде қайта орналастыруға болмайды.
Сауалдар мен болжамдарды жариялауға қатысты да арнайы шектеулер белгіленген. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді таратуға жол берілмейді. Бұл ретте дауыс беру күні exit poll сауалнамасын тек дауыс беру үй-жайларынан тыс жерде және бұл туралы ОСК-ны хабардар еткен ұйымдар ғана жүргізе алады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньнің фото және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынады. Бұл ретте сайлаушының сайлау учаскесінде фотоға түсу құқығына шектеу қойылмайды. Сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде де фотоға түсуге болады. Дауыс беру күнінен кейін мұндай материалдарды таратуға қатысты тыйым қолданылмайды, өйткені бұл шектеу дәл дауыс беру күніне қатысты белгіленген», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Олар сайлау учаскелерінде болуға және заңнамада белгіленген өкілеттіктері шегінде дауыс беру барысын бақылауға құқылы. Бұл ретте байқаушыларға сайлау жәшіктерін, сондай-ақ жасырын дауыс беруге арналған кабиналардың кіретін және шығатын тұсын байқау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.
Сайлау процесінің барлық қатысушылары учаскеде белгіленген тәртіпті сақтауға және азаматтардың еркін ерік білдіруне кедергі келтірмеуге міндетті.
Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат Бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов министрлік тарапынан үш негізгі бағыт бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді. Олар: сайлау науқанына қатысушыларға үгіт кезеңінде өз қызметін жариялау үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету, кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформа пайдаланушыларының сайлау заңнамасы талаптарын сақтауын қамтамасыз ету.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселені қарау барысында Комиссия мүшесі Әсел Жанәбілова келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, сондай-ақ сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері туралы хабардар етті.
Өтініштермен жұмыс «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау тағайындалған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясына 203 өтініш келіп түскен, оның ішінде 129 өтініш - сайлау заңнамасын түсіндіруге, 62 өтініш - сайлау процесін ұйымдастыру мәселелеріне байланысты.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі әрбір өтініштің уақытылы қаралуы және оған жан-жақты жауап берілуі қамтамасыз етілетінін атап өтті. ОСК-ға аумақтық сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағымдар түспеген.
«Әрбір өтініш заңда белгіленген тәртіппен қаралып, азаматтарға заңнама талаптарын ескере отырып, нақты түсіндірмелер беріледі. Бұл ретте сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін түсіну маңызды. Біздің ортақ міндетіміз - сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау», – деп атап өтті Әсел Жанәбілова.
Атап айтқанда, ОСК мүшесі сайлау комиссияларының жұмысына араласқаны, дауыс беру құпиясын бұзғаны, азаматтардың еркін ерік білдіруіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды. Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелерінің, саяси партиялардың сенім білдірілген өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен байқаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін де жауапкершілік қарастырылған.
«Сайлауға дайындық барысында біз барлық өңірлерге барып, тиісті мүдделі және жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен бірқатар жұмыс кеңестерін өткіздік. Сол кездесулер барысында сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде заңнама талаптарын сақтау мәселелері жан-жақты қаралып, мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларына нақты тапсырмалар берілді. Бүгінгі басты міндет - дауыс беру күнін ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Сіздерге, комиссияларға үлкен жауапты міндет жүктеліп отыр - Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізу. Сондықтан дауыс беру рәсімдерінің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың конституциялық сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс», - деп қорытындылады Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері БАҚ өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.