ОСК мүшелері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауға дайындық аясында тағы үш өңірге барды

ОСК мүшелері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар   әкімдерін сайлауға дайындық аясында тағы үш өңірге барды

11-14 қазан аралығында пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу шеңберінде ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров, ОСК мүшелері Сәбила Мұстафина мен Асылбек Смағұлов Қостанай облысына, Абай және Ұлытау облыстарына барды.

Әкімдерді тікелей сайлау алғаш рет өтетін өңірлерге барудың негізгі мақсаты әдістемелік және практикалық көмек көрсету, сондай-ақ сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту болып табылады.

Қостанай облысына барған ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров Қарабалық, Федоров, Алтынсарин, Денисов аудандары мен Рудный қаласы сайлау органдарының сайлауға дайындық барысымен танысты.

Инспекциялық іссапар барысында ОСК Төрағасының орынбасары учаскелік комиссия мүшелеріне арналған аудандық сайлау комиссияларының оқыту семинарларының жұмысына қатысты.

Сондай-ақ Константин Петров өңірдің облыстық, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесулер өткізді, онда сайлауға дайындықты ұйымдастыру мәселелері, үгіт науқанының барысы, сайлау комиссияларының сайлау процесінің басқа қатысушыларымен өзара іс-қимыл тәртібі және т. б. мәселелері талқыланды.

ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина Ұлытау облысына барып, ағымдағы сайлау науқаны шеңберінде өткізілетін облыстық, Ұлытау аудандық аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс барысымен танысты.

Сәбилә Мұстафина алдағы пилоттық аудан әкімдерінің сайлауын өткізуге дайындық мәселелері бойынша Ұлытау ауданының сайлау комиссияларының 165 мүшесін каскадтық әдіс бойынша оқыту іс - шарасына қатысты. 

11-13 қазанда ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов Абай облысының Абай ауданына және Курчатов қаласына инспекциялық сапармен барды.