1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2011 жылғы 26 желтоқсандағы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:
1) 111-баптың 3-тармағы "адамдарды қоспағанда)" деген сөздерден кейін " агенттіктің," деген сөзбен толықтырылсын;
2) 117-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Медициналық ұйымдардың және бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдары жаңа туған бала тастап кетілген, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар келіп түскен және жеткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына және прокуратурасына хабарлауға міндетті."